Келес ауданындағы №23 1-Мамыр жалпы білім беретін мектебінің 1-сыныбына үш егіз барды. Олар: Алинұр мен Айзере, Әділбек пен Әсілбек, Аман мен Есен. Аталған білім ошағында «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасы өтіп, бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Аталған білім ошағына биыл 85 бүлдіршін бірінші сыныпқа барса, олар 4 сыныпқа бөлініп білім алады. Өткен жылы 27 оқушы түлеп ұшса, соның 10-ы еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім гранттарының иегері атанған.
Айта кетейік, Келес ауданында 2023-2024 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 3100-ден аса оқушы қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап аудандағы 1-4 сыныпта оқитын 13000-нан аса бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аудан бойынша 3200-ден аса бала мектепке тасымалданса, биыл «Балалар жылы» аясында Келес ауданына 12 заманауи автобус берілді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Кентау қаласы бойынша 28 мектеп есігін айқара ашты. Қалада 1905 мұғалім еңбек етіп, 20 058 оқушы білім алғалы отыр. Соның ішінде 2189 оқушы 1-сыныпқа қабылданған.
Түркістан облысының білім беру саласында 2 381 ұйым қызмет көрсетеді. 1381 мектепке дейінгі ұйымда 150 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрады. Жалпы мектеп саны 1 мыңға жетіп 515 мың оқушы білім алуда. Облыста өткен жылы 34 мектеп салынса биыл жыл соңына дейін 37 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы үш жылда облыста 63 жаңа мектептің құрылысы жүргізіледі.
«Балалар жылы» аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс мектептеріне балаларды тасымалдау үшін биыл жаңа 101 автобус лизингпен алынды. Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. 894 мемлекеттік мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 6 млрд. теңгеге жуық бөлініп, бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылды. Сонымен қатар биылдан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.