ОТЫРАР АУДАНЫНДА 1060 БАЛА АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек –«Білім күні» мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды.

Бүгінгі айтулы күнде Отырар ауданы, Көксарай ауылындағы М.Әуезов жалпы орта мектебінде өткен «Мектебім- мейірім мекені» атты салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен басталды. Мерекелік жиынды аудан әкімі С.Сұлтанханов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Барша адамзатқа ортақ бұл күн, білім мен парасаттың, ақыл мен ізгіліктің бастау алатын сәті десек те болады. Бұл сәт тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің болашағын өсіп-өркендететін күннің бастамасы. Бүгін міне, бүлдіршіндеріміз алғашқы қоңырау үнін естіп, үлкен өмір табалдырығынан аттағалы тұрса, ауданымыздағы 805 талапкер мектеп бітіріп, оның 305 талапкер грантқа түскен. 55 оқушы алтын белгі иегері атанып, 66 оқушы үздік атанды.

2023-2024 оқу жылында ауданымыздағы 40 жалпы білім беру ұйымдары болса, оның 28-і типтік, 12-сі ыңғайластырылған жайда орналасқан. Соның ішінде 10-ы бастауыш, ал, 6-ы негізгі және 24-і жалпы орта мектептерінде 12471 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 1060 бала қабылданып, мектеп табалдырығын аттады.

Жиында мектеп өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған, жаңа өмірге қадам жасаған жас бүлдіршіндер үшін ерекше күн болды. Балғын балалықпен қош айтысып, мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндер салтанатты жиын барысында білім туралы тақпақтарын айтты. Мерекелік жиын мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды.
Міне, жайдары жаз маусымын алмастырған алтын күздің алғашқы күні өңіріміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылды.
Түркістан облысының барлық аудан/қаласында аталып өткен айтулы датада әнұран қалықтап, көк туымыз көкте желбіреген салтанатты шара өтті.
Кез-келген мамандық иелерінің алғашқы ұстазы бар. Түрлі саланың білікті мамандары мектептен білім алған. Сондықтан да, елдің ертеңі – мемлекетшіл жастарды, ұлт болашағын тәрбиелеуде шаршамаңыздар деп ұстаздарға тілек білдіреміз!
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы мыңнан астам мектепте (оның: 907-мемлекеттік, қалғаны жекеменшік) 514 мыңнан астам оқушы білім алады.
Ал, облыстағы 52 колледжде (оның: 29-мемлекеттік, 23-жекеменшік) 40 мыңнан астам студент оқиды.
Облыс халқының 38%-ы балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста.
Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *