АРЫСТЫҚ ҮШЕМДЕР АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Арыс қаласы А. Журба атындағы жалпы орта мектепке 1 сыныпқа үшемдер барды. 4 үлкеннен кейін туылған үшемдердің екеуі ұл, біреуі қыз. Бүгін Бекжан, Балжан және Нұржан алғашқы ұстаздарымен қауышып мектеп табалдырығын аттады.
Түркістан облысында білім күні кең көлемде аталып өтуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Кентау қаласында да 1 қыркүйек – Білім күні ерекше басталды. Қаладағы №23 Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектебінде алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Мерекелік шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, ұстаздар мен оқушыларға ақжарма тілегін білдірді.
– Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап етеді. Соның ішінде білім саласындағы жасампаз өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Бұл орайда мемлекетіміз көштен қалған емес. Мемлекетіміздің тікелей қамқорлығының арқасында білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Осы орайда ұстаздардың да рөлі ерекше екендігін айта кеткен жөн, – деді қала әкімі.
Мерекелік жиында мектеп табалдырығын аттаған егіздер Ясмина мен Ясина алғашқы қоңырау соқты. Бірінші сыныпқа барған апалы-сіңілі егіздер мектепке келуге асыққандарын, сыныпта ең үздік оқушы болатындарын айтады.
Салтанатты шарада бірінші сынып оқушысы атанған бүлдіршіндерге жоғары сыныптың үздіктері «Әліппе» мен «Букварь» кітабын табыс етті. Сондай-ақ білім күніне арналған әсем әуендер шырқалып, жыр-шумақтар оқылды. Шарадан соң қала әкімі сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында Кентау қаласы бойынша 28 мектеп есігін айқара ашты. Қалада 1905 мұғалім еңбек етіп, 20 058 оқушы білім алғалы отыр. Соның ішінде 2189 оқушы 1-сыныпқа қабылданған.
Түркістан облысының білім беру саласында 2 381 ұйым қызмет көрсетеді. 1381 мектепке дейінгі ұйымда 150 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрады. Жалпы мектеп саны 1 мыңға жетіп 515 мың оқушы білім алуда. Облыста өткен жылы 34 мектеп салынса биыл жыл соңына дейін 37 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы үш жылда облыста 63 жаңа мектептің құрылысы жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *