ТӨЛЕБИ: БІЛІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін Төлеби ауданының әкімшілік орталығы–Ленгір қаласындағы №6 жалпы орта мектептің екі қабатты жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімінде Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев, қария Аязбай Бекбауов сөз сөйлеп, мұғалімдерді, оқушыларды және ата-аналарды 1 қыркүйек – Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен, жаңа ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтады. Білім алушылар 200 орындық жаңа мектебіне өнерін арнады. Ал 1-сыныпқа қабылданған балалар жыр шумақтарын оқыды. Жаңа 2023-2024 оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылғаннан кейін мектеп директоры Жанат Маймақоваға жаңа ғимараттың символикалық кілті табыс етіліп, лента қиылды.
Көпшілік талапқа сай безендіріліп, жабдықталған жаңа мектепті аралап көріп, өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барша жағдай жасалғанына көз жеткізді.
Түлкібас ауданы, Таусағыз ауылында қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Таузағыздықтарды 1 қыркүйек – Білім күні және мектеп жанынан қосымша 150 орындық ғимараттың ашылуымен аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған 1 сынып оқушыларына сәттілік тіледі.
Көп жылдан бері бала санының артуына байланысты өзекті мәселенің бірі болып келген Титов мектебін ұлғайту мәселесі осылайша өз шешімін тапты.
Жаңа ғимаратта 12 кабинет қарастырылған. Оның 4-еуі арнайы пәндерге ыңғайластырылып жабдықталған. Қосымша ғимараттың құрылысымен бірге мектептің ескі ғимараты да толық жөндеуден өтіп, ауласы абаттандырылуда.
Мерекелік шарада «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қ.Еркебаев және ауыл ақсақалдары құттықтау сөз алып, ауыл тұрғындарын жаңа білім нысандарымен құттықтап, мерекелік лебіздерін білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *