ЖЕТІСАЙ МЕКТЕПТЕРІНДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Оқушылардың жаздағы асыр салып ойнаған, бірі қалаға, бірі демалыс орындарына барып тыныққан мерзімдері аяқталып, жаңа оқу жылы басталды.
Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын түсіне білген. Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – «Білім күні» мерекесінде Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен ауданның бас ұстазы Ғазиза Шүкірбаева Жетісай қаласындағы «Тұран» мектеп-гимназиясында өткен салтанатты жиынға қатысып, айтулы мерекемен құттықтады.
«Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері бүгін, яғни, 1 қыркүйек күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады, бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.
Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл-күй, жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін!» деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада ауданның бас ұстазы Ғазиза Әлібекқызы да оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытты жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді. Аудан басшысымен бірге 1 сынып оқушыларына оқулықтар мен арнайы сыйлықтар табыс етті.
Өткен оқу жылында бітірген 77 оқушысының 6-ы «Алтын белгі», 9-ы «Үздік аттестат» иегері атанған мектепте ҰБТ-ға 76 оқушының 33-і мемлекеттік грант иегері болған.
Биылғы оқу жылында білім алатын 850 оқушының 62-сі бітіруші сынып болса, 60 бүлдіршін мектеп табалдырығын жаңадан аттағандар.
«Бұл мереке кейбір азаматтардың мектеп қабырғасын, колледж және жоғары оқу орындарына барған күндерін еске түсірсе, жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күні әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалады.
Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді – мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ЖОО мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, осы күйді екінші рет бастан кешіп отырған ата-аналар.
Биылғы оқу жылында өткен жылы жеткен жетістіктерімізді еселейтін боламыз» дейді мектеп-гимназия директоры Хадиша Нартайқызы.
Айта кетейік, өткен жылы 2 907 оқушы бітірген аудандағы 73 мектепте биылғы оқу жылында 44 526 оқушы білім алатын болады. Оның 4 309-ы жаңадан мектеп табалдырығын аттағандар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *