2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50% көбейді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылында 190 мың жас колледж студенті атанды. Оның 133 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын болады. Кәсіпорындардың өтінімі бойынша 10 мың студент білім алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға ұлғайтылды. Техникалық және кәсіптік колледж студенттерінің 75 мыңы квота бойынша қабылданды.
Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыс техникалық мамандықтарға қайта бағдарланды. Олардың қатарында геология, энергетика, металлургия, машина жасау, көлік, IT, құрылыс, педагогика және медицина сияқты салалар бар.
Колледж студенттерін ынталандыру мақсатында 2023 жылдың қыркүйегінен бастап стипендияны кезең-кезеңімен арттыру қарастырылған: 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 50%-ға өседі, 2024 жылы 100%-ға дейін жеткізіледі.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттер әлеуметтік қолдаумен, оның ішінде стипендиямен, тамақтанумен және жолақымен қамтылған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында колледж студенттері үшін 2,5 мың орындық 13 жаңа жатақхана ашылады.
Түркістан облысы әкімдігінде 2023-2024 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық жасап, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде 2023-2024 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарау, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын ұйымдарының тізбесін анықтау мәселесі қаралды. Сонымен бірге мемлекеттік гранттарды білім беру ұйымдарына үйлестіру жөніндегі түйткілдер де тарқатылды.
– Комиссияның хаттамалық шешімімен 70 мамандық бойынша жалпы 15300 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары тарапынан аталған мемлекеттік тапсырыс орындалып отыр. Бұл ретте биыл ұйымдастыру жұмыстарының жаңаша тәсілде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыс аумағындағы «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары ауылдарды, қалаларды түгел аралап, мемлекеттік бағдарламалар, тегін оқу гранттары туралы ақпарат берді. Нәтижесінде мемлекеттік гранттар толық игерілді. Олардың арасында NEET санатындағы жастар да бар. Енді оқу сапасын жақсарту, қоғамға қажетті мамандықтарды анықтап, келесі оқу жылында гранттарды келесі сол салаларға бағыттау жолдарын қарастыру қажет – деді Бейсен Тәжібаев.