ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЕКІ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Жаңа оқу жылында Сауран ауданы Иассы ауыл округінде екі мектеп ашылды. Оның бірі жекеменшік «TORONTO» мектебі. Еңбекші диқан ауылында ашылған мектептің жобасына жеке кәсіпкер Д.Имамалиев 350 млн теңге қаржы жұмсаған. Мектеп 260 орынға арналған. Білім күнінде 83 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оқу орнында 16 сынып бар. Жалпы 10 адам жұмыспен қамтылған. Мектеп таңертеңгі 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Таңертең сабақ оқытылып, түстен кейін қосымша сабақтар мен үйірмелер өтеді.

Сондай-ақ, аталған ауылда ашылған екінші жекеменшік «Aqorda» мектебі. Жоба құны 250 млн.теңге. Оқу орны 220 балаға шақталып салынған. Бүгін бұл мектептің табалдырығын 30 оқушы аттады.

Ал Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудандағы алғашқы «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім нысаны STEAM жүйесі арқылы оқытылады. Бұл — қоғамға қызмет ету арқылы қоршаған ортаны аялайтын көшбасшылар, жас ғалымдар мен талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдіс. Мұндай тәсілмен мектептерде ұжымда немесе жеке жұмыс жасауды, қарым-қатынас жасауды, ойлаудың түрлі әдістерін қолдануды үйренуге мүмкіндік беріледі. Өмірде пайдалы болатын білім ең құнды.

Аталған іс-шараға аудан әкімі Арман Сәбитов қатысып, жаңа білім ордасының лентасын қиды. Аталған оқу орнында аудан оқушыларынан бөлек еліміздің түпкір-түпкірінен оқушылар келіп білім алады. 600 орындық мектепте 300 оқушы бар. 37 педагог жұмыс істейді.

Білім нысанында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық мүмкіндіктері бар. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында арнайы видеокамералар мен Face ID орнатылған.

Барлық оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылатын болады. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 7 жекеменшік мектеп ашылу жоспарланса, оның 6 мектебі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Ата заң күніне орай, Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев пен бөлім басшысы Дәулет Анасұлы арнайы барып қатысып, лентасын қиып, ішін аралап көрді. Оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтап, ақ жарма тілектерін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *