АРЫС ҚАЛАСЫНДА БИЫЛ 7 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Бүгін Арыс қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының қосымша 200 орындық жаңа оқу корпусы ашалды. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арнайы қатысып, оқушыларға ыстық лебізін жеткізді.
«Қазіргі таңда, әкімдік тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Сіздер білім алатын М.Әуезов мектебіне 200 орындық қосымша корпустың пайдалануға берілуі соның айғағы. Биыл қаламызда жаңадан үш мектептің құрылысы басталды. Бастауыш сыныпта оқитын 6826 оқушы 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болады. Оқушыларымыз жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаудың арқасында жарқын жетістіктерге жетіп, жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз», — деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, 955 оқушы білім алатын М.Әуезов атындағы мектепте 95 ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 72 оқушы осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттады. Оқушы саны артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 200 орындық жаңа оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеттері жаңа парталармен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған» делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінде.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, «Алдыңғы жылдары 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6%-ды құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушыларына қатысты мәлімет.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады» деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының басшысы Дана Мақтаева.
Айтып өткендей, бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *