КЕНТАУДА 200 ОРЫНДЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК БАСТАУЫШ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Кентау қаласында бүгін «Дин-Асыл» бастауыш зияткерлік білім ошағы ашылды. Мектептің сыйымдылығы 200 оқушыны қамтиды. Бүгінгі таңда 150-ге жуық бала қабылданып үлгерген. Оқу орны жекеменшік болғанымен балаларға тегін білім берілмек. Үш мезгіл тамақ та қарастырылған.
Жаңа бастауыш оқу орнының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ата-аналар мен оқушыларды, ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Жалпы мектепте 10 бастауыш сыныбы ашылған. Сабақ уақыты таңғы 8:00 бен кешкі 17:00 аралығында. Мектепте дзюдо, футбол, би,ән, домбыра, робототехника және гимнастика үйірмелері бар. Түстен кейінгі уақытта оқушылар үй тапсырмаларын орындап, үйірмелерге қатысады.
Мектепте оқушыларды қала бойынша тасымалдау қызметі де бар. Білім ордасы соңғы заманауи үлгіде бой көтеріп, оқуға қажетті барлық жабдықтармен қамтылған.
Түркістан облысында жалпы мыңнан астам мектепте 514 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның 907-сі мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынса, жыл соңына дейін соның 37-сі пайдалануға беру жоспарланған. Оның 63-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша аясында салынбақ.
Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында 19 білім ошағы оқушыларды қабылдады. Атап айтсақ Сауран, Сарыағаш, Ордабасы мен Түлкібаста және Арыс қаласында 5 мемлекеттік мектеп ашылды. Сондай-ақ 14 жекеменшік мектеп (Түркістан қаласы 3, Бәйдібек 1, Жетісай 1, Қазығұрт 1, Ордабасы 2, Сайрам 2, Сарыағаш 1, Сауран 3) өз жұмысын бастады.
Түркістан облысының білім басқармасына қарасты 21 мекемеде, атап айтқанда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 13 білім мекемесіне, ал облыстық бюджеттен 8 білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 240 пән кабинетінің жабдықтарын алуға биыл 3,1 млрд.теңге бөлінген.
1 қыркүйек күні Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде аудандағы алғашқы «GREEN SCHOOL» инновациялық жайлы мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім нысаны STEAM жүйесі арқылы оқытылады. Бұл — қоғамға қызмет ету арқылы қоршаған ортаны аялайтын көшбасшылар, жас ғалымдар мен талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдіс. Мұндай тәсілмен мектептерде ұжымда немесе жеке жұмыс жасауды, қарым-қатынас жасауды, ойлаудың түрлі әдістерін қолдануды үйренуге мүмкіндік беріледі. Өмірде пайдалы болатын білім ең құнды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *