ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

«Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды», — делінген Конституцияда.1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан аталып өте бастады. Сол жылы тұңғыш президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.
Алайда араға жиырма жыл салып, атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Елімізде 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Сарыағаш ауданыда алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 151 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты мерекелік шара өтті.
Аталмыш шара барысында аудандағы қызмет атқаратын этномәдени бірлестіктердің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін айшықтайтын арнайы көрме жасақталып, көпшілікке ұсынылды. Мерекелік шара барысында ауданымыздың өнерпаздары жас таланттармен бірге ән мен күйден шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 151 жылдығы аясында оның еңбектерін дәріптеу, кеңінен насихаттау.
Айта кетсек, бұл мереке алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күнімен байланысты. Биыл біртуар тұлғаның 151 жылдығы елімізде кең көлемде тойлануда. Сарыағаш ауданында да Ұлт ұстазының мерейтойына қатысты 100-ден астам шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар шара барысында ауданның тіл жанашырлары және сала қызметкерлері арнайы Алғыс хатпен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. Үкімет қаулысымен осымен алтыншы жыл мерекелік дата 5 қыркүйекте тойланады.Ата заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екені жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *