«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды», — деді Мемлекет басшысы.
Президент «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынатындығын айтты.
«Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады.
Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.