ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРЛЫҚ ТҰРҒЫН «АУЫЛ АМАНАТЫМЕН» КӘСІП БАСТАДЫ

Бүгінде Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін кеңейтіп отырғандар қатары артуда. Соның бірі, отырарлық кәсіпкер, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтіп, сүт шаруашылығын қолға алған. Отырар ауданы, Қарғалы ауылының тұрғыны Айдар Жүнісбай мемлекеттен 3 млн. теңге қаражат алып, Жамбыл облысынан сүт бағытындағы 6 дана бұзаулы сиыр сатып алған. Бүгінде әрбір сиырдан 10-15 литр сүт сауып, табыс көзін кеңейтіп отыр.

Айта кетейік, кәсіп бастаймын деген жанға мемлекеттен түрлі қолдау қарастырылған. Отырарлық кәсіпкер алдағы уақытта сүт өнімдерінен құр, май, ірімшік секілді өнімдерді өндіріп, табыс көзін кеңейтпек.
– Жеке кәсіппен айналысу көптен бергі арманым еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Маған көмектесіп, қолдау көрсеткен аудан басшыларына, аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандарына алғысым шексіз, – дейді кәсіпкер.

Жалпы, аталған бағдарлама аясында Қарғалы ауыл округінің 47 азаматы өз кәсіптерін дөңгелету мақсатында «Ырыс» МҚҰ-на өтінім білдірген. Қазіргі таңда 25 азаматтың өтініші мақұлданып, оларға бағдарлама аясында 132 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал қалған азаматтардың ұсыныстары жуық арада өз шешімін табады деп күтілуде.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты.
Оны жүзеге асыруға биыл 52 миллиард теңге бөлінген. Партия жанынан әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтар мен әкімдерді оқыту, өтініштерді қабылдау және қаржы бөлу барысын қадағалайтын жобалық кеңсе ашылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *