ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ЖАС КӘСІПКЕР ТЕРМОПАНЕЛЬ ӨНДІРІСІН ЖОЛҒА ҚОЙҒАН

Сарыағаш ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны мемлекеттік грант аясында жеке кәсіпкер атанды. Ақжарлық көпбалалы әке, бүгінде 9 үйдің сыртын әрлеп, өз кәсібін дөңгелетуде. Ол мемлекеттік грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтарын түгелдей алып, қазіргі таңда термопанель өндіруді қарқынды қолға алған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ. Айта кетейік, Түркістан облысында мемлекет қарастырған көмекке жүгінген азаматтар қатары жетерлік.

Сонымен бірге бүгін жас кәсіпкердің жұмысымен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып танысып, жеке кәсіпкерлер санының артуы, бұл саланың қарқынды дамып келе жатқандығының айғағы екендігін айтты. Осылайша, жеке кәсіп иесіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауданда жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру арқылы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға құжаттар тапсыру мен қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі», — деген еді.

Президент атағандай, осы мақсатқа 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

«»Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды. Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *