ТҮРКІСТАНДА МУЗЕЙЛЕР ШЕРУІН ОБЛЫСТЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ МУЗЕЙІ ЖАЛҒАДЫ

Бүгін Түркістанда «Музейлер шеруі» кеңейтілген көшпелі көрмесі жалғасын тапты. Облыстың 5 жылдығына арналған шараға Түркістан облыстық Бейнелеу өнері музейі қорынан жасақталған «Түркістан – түркілер тұмары» көрмесі келіп жатыр. Аталған шараға облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен облыстық музейлер басшылары мен қызметкерлері қатысты.

– Түркістан қазіргі таңда нағыз мәдени-рухани, туристік қалаға айналып келеді. Қазіргі таңда мұнда келушілер қатары көбеюде. Күні кеше шетелден журналистер келіп, өңіріміздің кереметін әлемге танытуға үлес қоспақ. Сондай-ақ республикалық «Түркістан дауысы — 2023» ән байқауы өтті. Осы секілді шаралар жиі ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі осы «Музейлер шеруі» көшпелі көрмесі. Бұл да қала тұрғындарына, сырттан келетін қонақтарымызға облыстағы музей қорларын таныстыруға септігін тигізеді, тарихымызды танытады деп білем, – деді басқарма басшысы.

Көрмеге Бейнелеу өнері музейінің ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық, республикалық симпозиумдарда жазылған Түркістан өңірінің қасиетті жерлерін өнер тілімен баяндайтын үздік кескіндемелік шығармалар қойылған. Аталған музей ұйымдастыруымен таяуда ғана халықаралық шара ұйымдастырылып, сарапшылардың оң бағасын алған болатын.

Айта кетейік, «Visit Turkistan» орталығы алаңындағы көшпелі көрме үш күнге жалғасады. 15-17 қыркүйек аралығында қала тұрғындары мен қонақтары өнер шеберлерінің ерекше туындыларын тамашалай алады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мәдениет саласының қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырған-ды.«Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекқақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Осы мәселеге қатысты Үкіметке келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек екенін айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *