ТҮРКІСТАНДА «KITAP TIME – 2023» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының алаңында жалпы республикалық «Kitap Time — 2023» фестивалі өтті. Еліміз бойынша бір мезетте ұйымдастырылған шара мақсаты кітап оқу мәдениетін көтеру, әдеби кітаптарды насихаттау, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болып саналады.
Шараны аталған кітапхана директоры Жанат Шардарбекова ашып берді. Жиынға Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облысының құрметті азаматы Бақытжан Жармаханұлы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Өнертану доценті, әнші, композитор Сауранбек Елеуовпен кездесу ұйымдастырылды. Автордың орындауында әндер шырқалды.

Облыстық кітапхана ұжымы бұл шараны Түркістан және Кентау қалалық мен Сауран аудандық кітапханаларымен бірлескен түрде ұйымдастырған. Фестиваль аясында келушілерге «Ғажайып кітап әлемі» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі, «Автограф Time» сынды шаралар өткізілді. Балалар бағыты да назардан тыс қалмады. Кішкентай оқырмандар өлең оқып, талант иелері өнер көрсетті.

Айта кетейік, республика көлемінде биыл екінші рет ұйымдастырылған фестивальге облыстағы 396 кітапханалар жүйесі де атсалысты. Әрбір кітапханада кітап оқуға шақыратын ерекше шара мен оқырманмен кездесулер ұйымдастырылды.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мәдениет саласының қызметкерлерінің айлығын көтеруді тапсырған-ды.«Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекқақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Осы мәселеге қатысты Үкіметке келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек екенін айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *