ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА 100 МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛЕДІ

Маңғыстау өңірінде Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасынан құрылған насихат тобы ақпараттық тур ұйымдастырған болатын. Іс-шара аясында Ақтау қаласындағы ірі мұнай компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басшылығымен кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастық меморандумы түзілген. Кездесуге «Сарыағаш» ЕОК» шипажайының өкілі де қатысқан.

Облыстық мәдениет және туризм басқармасының өкілі Ботагөз Мауленова Жаңаөзен қаласына арнайы барып, компания қызметкерлеріне Түркістан өңірінің туристік әлеуетін таныстырды.

– Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыстың туризмін ілгерілету тапсырмасына сәйкес, таяуда Қазақстан бойынша роуд-шоулар өткізіліп, алғашқы ақпараттық турымыз Маңғыстау облысынан басталған еді. Бүгін қойнауы құтты мекенде Сіздермен жүздесіп отырмыз. Басты мақсат – киелі Түркістан өңіріне туристерді тартып, ішкі туризмнің дамуына үлес қосу. Қазіргі таңда Ақтау-Түркістан бағытында тікелей әуе рейстері тұрақты ұсынылуда. Сіздер үшін арнайы туристік маршруттар да әзірленді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, оңтүстіктің көрікті орындарын аралауға және демалуға шақырамыз, – деді басқарма өкілі.

Кездесу нәтижесінде маңғыстаулық компанияның 100 қызметкері әуелі Түркістанның тарихи-танымдық туризмі бойынша зиярат жасайтын болды. Одан соң емдік-сауықтыру туризмі негізінде Сарыағаштың шипажайында демалады. Түркістан облысы мен Ташкент облысы арасында туризм саласын дамыту бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Аталған меморандум аясында Өзбекстанға 3 күндік іссапар ұйымдастырылып, келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде «Manzara Tourism», «Silk Road Bus and Transportation», «Alizam Consult Group» және «Travel Plaza» атты 4 туристік компаниямен топтық туристер алмасу бойынша меморандум түзілді. Биыл 15-17 қараша күндері Ташкентте өтетін халықаралық туристік көрмеде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылады. Сонымен қатар топтық туристерді тарту мақсатында Түркістан — Нурафшон — Түркістан тікелей тұрақты автобус рейсін қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек Өзбекстанның SilkAvia әуекомпаниясымен Түркістан — Самарқанд — Түркістан әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер басталды. 25-27 қыркүйек аралығында Түркістан қаласында «Түркі әлемінің этноподиумы» фестивалі жоспарланған. Іс-шара барысында Түркі мемлекеттерінің танымал киім дизайнерлері мен қолөнершілер бұйымдарының көрмесі, конкурстары өткізіледі. Іс-шараға республикамыздың, сондай-ақ, Түркия, Әзарбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен және Ресей Федерациясының Татарстан, Алтай, Башқұртстан, Хакасия, Саха, Тыва секілді өңірлерінен 20-ға жуық қатысушылар келуі күтіліп отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *