«АҚЫЛҒА ҚОНБАЙДЫ»: ӘРІПТЕСТЕРІ АҒЗА САУДАЛАДЫ ДЕП АЙЫПТАЛҒАН ДӘРІГЕРДІ ЖАҚТАП ШЫҚТЫ

Мамандар Қазақстанда ағза алмастыру оталарының әлдеқайда арзан екенін айтады
Адамдардың ағзасын заңсыз алды деп айыпталған трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратовтың ісіне қатысты тағы бір дерек шықты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Аталған істе қазақстандық дәрігермен қоса қырғыз азаматы да күдікке ілініп отыр. Қазақстандық дәрігердің әріптестері тергеу амалдары аяқталғанша босатуды сұрап, бас прокурор мен ішкі істер министріне хат жазған. Олар оның кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтары барын айтқан.

Күні кеше отандық дәрігерлер баспасөз мәслихатын өткзіп, Құттымұратовтың тек айтқанды орындаушы, шетелдік компаниялармен жеке дара келісімі жоқ екенін мәлімдеді.

«2017 жылы Израиль компаниясы Құттымұратов бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген ұлттық онкологиялық және трансплантологиялық орталықтың басшылығымен Қазақстанда медициналық туризмді ұйымдастыру үшін тірі донордан бүйрек трансплантациясын жүргізу және осы орталықтың базасында ауыстыруға шетелдік пациенттерді тарту бойынша транспланттау келісімшартын жасайды. Шартта барлық ұйымдастырушылық, заңдық, қаржылық аспектілер көрсетілген. Келісім жасалған сәттен бастап орталыққа шетелдік донорлар да, реципиенттер де түсе бастайды», – деді «Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрлыбек Өсербаев.

Сондай-ақ, тағы бір дәрігер Юрий Пя да тағылған кінәнің ақылға қонбайтынын айтады.

«Құттымұратовқа бүйректі ауыстырып салу бойынша жеке-дара ауруханаға жатқызуды сұрады, сондай-ақ, бұл іске білек сыбана кірісіп отыр деген айып тағылды. Оның бөлім меңгерушісі ретінде ауруханаға жатқызуға қатысқаны анық. Десе де оның пациенттерді тауып, қандай да бір келісім жасауы мүмкін емес», – деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя.

Айыпталушының қорғаушысы Құттымұратов 1 мамырдан бастап қамауда отырғанын айтты. Ол сот санкциясымен төрт айға темір торға тоғытылған.

Елімізде ағза ауыстыру өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мысалы, Еуропада бүйрек ауыстыру 80 мың доллардан 150 мың долларға дейін жетеді. Ал Қазақстанда шетелдік азаматқа мұндай отаны 7-8 мың долларға жасап береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *