«МӘЙІТТЕРДІҢ ҮСТІМЕН ЖҮРІП, ТОПЫРАҚ ЖЕДІК»: АРЫСТЫҚ ӘЙЕЛ СИРИЯДАҒЫ ӨМІР ТУРАЛЫ

Қазақстандық әйелдер жанайқайларын жеткізді

Сириядан оралған біртоп келіншек отандастарына үндеу жолдады. Сұм соғыстың ортасынан қашып шыққан олар енді өзге бауырларының жазықсыз жапа шеккенін қаламай отыр. Бірі жолдасынан, енді бірі бауыр еті баласынан айырылған нәзік жандылар әлдекімнің арбауына түсіп қалмауларыңызды ескертеді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия біріншіарнасына сілтеме жасап.

«Ол жерде соғыс болған жоқ. Ол жерде массовый уничтожение болды», – дейді Сириядан оралған келіншек.
Әуеден атқылаған снарядтар мыңдаған адамның өмірін жалмап жатыр. Видеодан ересектер түгілі балалардың көшеде қалған мәйітін көруге болады. Солардың арасында отандастарымыз да бар екен.

«Ия, ұлдарым кетті. Бірінен соң бірі үш ұлым өліп кетті», – дейді Сириядан оралған келіншек.

Арыстық Нұржамал апай осы күні қуаныштан жыларын не күлерін білмей жүр. Өйткені 2012 жылы жоғалтып алған қызы мен немерелері биыл ғана табылды. Сөйтсе, бауыр еті баласы күйеу баланың соңынан еріп, Шам елінен бір-ақ шығыпты. Жеті жыл Сирияда қантөгістің ортасында болған.

«Енді айтып отырған сөздерін тыңдасаң, кәдімгі жайрап жатқан адамдардың үстімен де жүрген көріп, кішкентай балаларға дейін көрген. Топырақ та жеген. Шөп те жеген. Ішетін су да таппаған. Жаман су ішкен», – дейді Арыс қаласының тұрғыны Нұржамал.

Сириядан оралған Ақжарқын осы күні Арыста анасының жанында жүр. Жуырда «Жусан» арнайы операция барысында елге оралыпты. Туған жердің топырағына аяғы тигенде, шын бақыттың «Шамда» емес, Қазақстанда екенін түсініпті. Қуаныштан жылап та алдым дейді. Ал жолдасынан әлі күнге хабар жоқ.

«Таңқалып отырмын, ол жерден қалай аман шыққаныма», – дейді Сириядан оралған Ақжарқын.

«Сол қыздың аман-есен келгеніне аялап, қарап, аналық махаббатыммен қайтадан өзіме қаратып, қайтадан баяғы күйге түсіруім керек. Көп еңбек етуім керек», – дейді Арыс қаласының тұрғыны Нұржамал.

Сарыағаштық Тұрсынай да жуырда ғана бейімдеу орталығынан үйіне оралды. Алты жыл туыстарымен көріспепті. Осы жыл аралығында балалары сабақтан қол үзіп, қатарластырынан қалып қойған. Енді бірінші сыныптан бастап, қайта оқуға тура келеді.

«Адам қызығатын жер емес. Ешкімнің де барғанын қаламаймын, ол жаққа барыңдар деп ешкімге де кеңес айтпаймын. Барам деушілер болса, ол райларыңнан қайтыңдар деп айтар едім. Ол жаққа бару ешқандай шариғатта жоқ», – дейді Түркістан облысының тұрғыны Тұрсынай.

Осы күні Шам елінен оралған бір топ қазақстандық арнайы бейімдеу орталықтарында жатыр. Олармен психологтар және теологтар жұмыс істеуде.

«Ересек балаларда әлі қорқыныш бар. Тәулік бойы біздің мамандар осы жайттарды ескере отырып, жасөспірім балалардың қорқынышын сейілтуге жұмыс жасады», – дейді халықаралық қордың заңгері Еркебұлан Елеуіс.

Мамандар орталықта тұрып, өмір сүріп жатқан отандастырымызды бейімдеу ұзаққа созылатынын айтады.

«Ең бастысы, қателіктерін түсінді. Енді қалыпты өмірге қайта оралтуға барымызды саламыз», – дейді ол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *