САУРАН: ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. Президент Қ. Тоқаев бұл мерекенің маңыздылығын осылай айқындады. Шын мәнінде бұл мейрам еңбек мәдениетінің ұмыт болған дәстүрлерін жаңғыртуға бағытталған, әрі жас ұрпақты еңбекті бағалауға тәрбиелейді. Сауран ауданында да бұл мереке аталып өтті. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, бірқатар еңбекте бағы жанған азаматтарға құрмет көрсетті.
— «Еңбек — өмір мәні» десек, бұл мереке адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Әр салада кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Еліміздің өркендеуіне арнаған еңбек ардагерлеріне, аға буынның тәлімгерлік жолын жалғап ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарымызға зор ризашылығымды білдіремін! Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.
Шара барысында аудандық апдагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов еңбек ардагерлерін марапаттап, жылы лебізін білдірді. Еңбек адамдарының құрметіне мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *