Бүгін ауданға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Зарлықұлы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында аудан орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүріп жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс аумағында болды. Онда құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылап, бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Басқарма төрағасы Мәулен Зарлықұлы мердігер мекеме басшылығына құрылыс және жабдықтау жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, робототехника кабинеттері, зертханалар, хореография залдары қарастырылып отыр. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталатын болады. Жайлылық пен тиімділікті қаматамасыз етіп, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болу мақсатында бастауыш сыныптар, орта/жоғары буын оқушылары үшін жеке блок жасалады. Сонымен қатар, аудан орталығынан салынып жатқан 200 орындық «спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысын назарға алды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығынан салынып жатқан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешені құрылысының барысын бақылауға алды. Онда мердігер мекеме өкілдері және жауапты сала мамандары болды.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне өндірістік кестеден қалып қоймай, жұмысты барынша ширатып, сапасына мән беру керектігін айтты. Бұл жөнініде жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, жалпы ауданы 3 га болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай. Кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және аралас жекпе-жек пен боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.