ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛҒА 5 ЖЫЛДА 100 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН

Мақтаарал ауданында 2018-2022 жылдар аралығында 102,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы көшпелі брифингте аудан басшысы Бақыт Асанов мәлімдеді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы 5 жыл уақыт аралығында жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, былтыр 81 млрд. теңгеге жеткен.
— Бес жыл уақыт ішінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық даму оң қарқынды көрсетуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 76 жоба (436,6 млн теңгеге) мақұлданған. Сондай-ақ, аудан бойынша жалпы 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1%-н құрайды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі, яғни 99,9%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аудан бөлінгелі 2019-2022 жылдар аралығында 11,2 шақырымды құрайтын 7 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына асфальт төселді. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 199 шақырым 212 ішкі көшеге асфальт, 118,3 шақырым 151 ішкі көшеге тас төселді, — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, өңірде жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында 24 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылған. Онда 4 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұдан басқа, «Еңбек» бағдарламасымен бес жылда 4 052 адам жұмыспен қамтылған.
Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол.

Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие.

Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га – Оранғай, 180 га – Түркістан, 35 га – Кентау) және әуежай (967 га).

Үшіншіден, туризмді дамыту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден туристер ағынының артуы байқалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *