МАҚТААРАЛДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ САНЫ 11 МЫҢНАН АСЫП ЖЫҒЫЛДЫ

Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны тікелей ықпал етеді. Еліміз қазіргі жер көлемін толық игеру үшін халық саны кемінде 50 миллион тұрғынға жетуі керек. Ол үшін мемлекетіміз тарапынан арнайы саясат жүргізіліп, көпбалалы аналарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар қабылдануда.

Еліміздің демографиясын көтеруде Мақтаарал ауданының көп балалы аналары белсенді атсалысып жатыр. Қазіргі таңда ауданымызда көп балалы аналардың саны 11 мыңнан асып жығылды.

Бүгін аудан әкімі Бақыт Асанов аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында бір топ көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» наградаларын табыстады. Жыл басынан бері 44 ана «Алтын алқа», 156 ана «Күміс алқа» наградасын алған. Жалпы ауданымызда 704 «Алтын алқа», 1410 «Күміс алқа» иегері бар. Бұдан бөлек, 88 ана «Батыр ана» атағын алып, 136 ана «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған.

«Ауданымызда жыл сайын 3 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Жалпы Республика көлемінде демографиямызды көтеруге мақтааралдық көп балалы аналар белсенді атсалысуда. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар да жыл сайын көбеюде. Барлығыңызды бүгінгі марапттарыңызбен құттықтаймын. Өсіріп жатқан ұл-қыздарыңыз еліміздің көк туын желбірететін үлкен азаматтар мен азаматшалар бола берсін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, елімізде «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын 6,4 АЕК көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Еске салсақ, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 40 жастағы көпбалалы ана 11-ші сәбиін дүниеге әкелген еді.

Осымен 13 құрсақ көтерген Айнагүл Омарбекқызы перинаталды орталықта табиғи жолмен, отасыз босанған. Осылай деген дәрігерлер қазір ана мен баланың жағдайы жақсы екенін жеткізді.

Айнагүлді қазір үйінде 5 ұлы мен 5 қызы күтіп отыр. Тұңғышы – 21 жаста.

Ал жолдасы – Нұрлы ауданының бас имамы. 11 балалы отбасы кенжесін Мұстафа деп атады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *