Бәйдібек ауданы орталығында қарттар күні мерекесі аталып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков қатысып, аудан ардагерлерін мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
— Құрметті ауданымыздың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері, сіздерді 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер еліміздің қазынасысыздар. Әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз бен еткен еңбектеріңіз өскелең ұрпақ алдында үлгі-өнеге. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырсыздар. Осы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар «Amanat» партиясының Бәйдібек аудандық филиалының төрағасы Ақбала Құлымбет пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай да қарияларды құттықтап, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып жүрген бірқатар еңбек ардагерлеріне алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ ауданға қарасты елді мекендерден жиналған қазыналы қариялар, өнерлі өрендердің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Айта кетсек, Төлеби ауданында да Қарттар күні мерекесі қарсаңында қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді. Шараға қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев сөз алып, жылы лебізін білдірді.
— Мемлекетіміздің қалыптасу жолында еселі еңбегімен танылған аға буын өкілеріне алғыс айтамыз. Сіздердің ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, бейбітшілікті, қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестеріңіз ерек. Өскелең ұрпақ үшін сіздер борышқа адалдықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген өшпес ерік-жігердің үлгісі болып келесіздер. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын,- деді аудан әкімі.
Жиында демеушілер тарапынан ақ дастарқан жайылып, бабалар рухына құран бағышталды. Одан соң аудан ақсақалдары өскелең ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтты. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталды. Кездесу соңында ауданның дамуы жолында еңбек етіп жүрген ардагерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Шара аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.