Шымкент қаласында Әл-Фараби көшесінің жалғасы бар. Осы жолмен қаладан шыға беріс тұсында жекеге берілетін жер телімі дайындалған. Онда электр желісі тартылып, газ жүйесі жүргізілген. Кейіннен бұл жерлердің кей аумағында құрылыс жұмыстары пайда болғанын көрдік. Жеке үй салынған жер телімдері азаматтарға бұрын берілген бе, әлде, кейін бе?
Ал жеке тұрғын үй үшін кейін дайындалып, коммуникация жүйелері тартылған жерлерді кім бөлгізген? Шымкентте жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін беруге мораторий жарияланғаны белгілі. Сонда әлгі жерлер мораторийға қарамастан бөлінді ме?
Әлде ол жерлер бұрынғы жылдардың «числосымен» бөлінген бе?
Мемлекет басшысы үнемі бюджет қаржысын тиімді жобаларға жұмсау керектігін айтып келеді. Олай болса, халыққа қазір берілмейтін бос тұрған жерлердің инфрақұрылымына қаржы жұмсау, қолдағы қаражатты желге шашумен бірдей емес пе? Әлде бұл істер үшін қаржы бөлу — біреулердің де қалтасы қалыңдату емес пе?
Бос тұрған жерге газ, электр жүйесін жүргізгенше, мұқтаж болып отырған тұрғындарды коммуникациямен қамтамассыз етсе дұрыс болар еді.
Көкейімізде сұрақтар көп. Осы сұрақтарға жауап іздеп, Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы жер қатынастары басқармасы басшысының ұялы телефонына қоңырау шалғанбыз. Алайда, онымыздан нәтиже болмады.
Дегенмен, біз осы мәселені фейсбук әлеуметтік желісінде көтеріп едік. Сондағы парақшамыздағы посттың астына Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жауап берілді. Сол жауапты назарларыңызға ұсынсақ.
«Сәлеметсізбе! Шымкент қаласы әкімдігінің 16.06.2015 жылғы №912 қаулысымен бекітілген «Батыс» бөлігінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан.
Шымкент қаласы әкімдігінің 31.10.2022 жылғы №2229 санды қаулысы негізінде алаңы 15,73 га бөлінетін аталған жер учаскесі Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары мемлекеттік мекемесіне жеке тұрғын үй құрылысының айырбастау қоры үшін тұрақты жер пайдалану құқығымен рәсімделген» делінген басқарма жауабында.
Десек те, жоғарыда біз айтқан аумақта 2015 жылы ешқандай аз қабатты үйлер болмаған сияқты еді. Оның үстіне, жоғарыдағы айтылған жерді бөлу үшін жауаптылар №912 және №2229 санды қаулыларды пайдаланып отыр ма?
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ