«ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАБАНЫНА КІРГЕН ТІКЕН, МИНИСТРДІҢ МАҢДАЙЫНА КІРСІН»

21-ақпан күні Шымкент қаласына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева баяндама жасады. Н.Ақылбекқызы өз кезегінде:
– Құрметті Ғани Бектайұлы мен Сәрсен Абайұлы және жиынға қатысушылар, Шымкент қаласы білім басқармасының 2023 жылы атқарған жұмыстарымен таныстыруға рұхсат етіңіздер. Шымкент қаласында 409 мың 322 баланы қамтып отырған 953 білім беру ұйымы жұмыс істеуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43 білім беру ұйымына артып отыр. 2023 жылы Шымкент қаласының білім жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген болатын. Жол картасы шеңберінде білім саласын 2024 жылы қаржыландыру 228 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 миллиард теңгеге артық. Бүгінгі таңда 605 мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ұйымдары жұмыс жасайды. Оның 71-і мемлекеттік, 534-і жекеменшік балабақшалар. Орын тапшылығын жою мақсатында 2023 жылы 28 жекеменшік балабақша ашылды. Бастапқыда балаларды мектепке дейінгі оқыту орындарын 2 мың 845 орынға көбейту көздеген болатынбыз. Дегенмен, орын тапшылығын азайту үшін тағы да балабақшаларды 3 мың 150 орынға арттырамыз.
Қазіргі уақытта қалада 1-6 жасар аралығында 83 мың 204 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан жекелеген санаттағы 8 мың 155 балаға тегін тамақтандыру ұйымдастырылды. Биыл 389 миллион теңге қаралып, 3 мың баланы ыстық тамақпен қамту сәуір айында қолға алынбақ, – деп тағы біраз жайттарды баяндады.
Мінберге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев шығып:

– Қайырлы күн, құрметті шырайлы Шымкенттің тұрғындары. Мен үшін Шымкент өте қасиетті қала. Өйткені Шымқала Маржан Тасова апайымыздай керемет ұстаздарды дүниеге келген ұлағатты ұстаздар мекені. Бірақ, өкінішке орай, жаңағы есепті естіп отырсыздар, кішкене көңілге қаяу түсіреді. Біз қазақ елі балаға үлкен бір ыждаһаттылықпен, махаббатпен қарайтын елміз. Біздің бабаларымыз «Баланың маңдайына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деген халық. Өзім де 3 миллион 900 мың оқушының табанына кірген тікен, министрдің маңдайына кірсін» деген ұстаныммен жұмыс істеп жатырмын. Бірақ. 3 миллион 900 мың бала болғаннан кейін бір ғана министрлік емес, барлық педогогикалық қауым, білім басқармалары қызметкерлері дәл осындай оймен жұмыс істесе көптеген мәселелер өзімен-өзі шешілетіні сөзсіз. Бүгін мен сіздерге 2023 жылы атқарылған жұмыстарды баяндағанша, кездесуді диалог күйінде өткізсек, – деп сөз тізгінін тартты.
Ал біз өз кезегімізде министрге: «Жаңа мектептер үшін берілетін жерлер Оқу ағарту министрлігінің теңгеріміне өткізілсе екен. Сонда кейбір жерлер сатылып кетпейді» деп ұсыныс жасадық. Ғани Бектайұлы да бұл мәселенің парламентте талқыланып, Сенаттың қарауына кеткенін айтты. Негізі былтыр билік назарына осы ұсынысты жасаған едік. Биыл сүйінші хабар көңіл қуантты.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *