ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІ СУБСИДИЯЛАУҒА АЛТЫ АЙДА 13,3 МИЛЛИАРД АҚША АУДАРЫЛҒАН

Бүгінгі қоғам ашықтықты қалайды. Ішкі, сыртқы саясаттың қалай жүріп жатқанын, бюджет қаражатының қайда, қанша бөлініп жатқанын білгісі келеді. Бұл елге жанашырлықтан туындаған дүние.
Сол айтпақшы, Шымкент қаласының да өзіне лайықты бюджеті бар. Ондағы қаражат қайда, қалай жұмсалып жатыр? Әлбетте, бір мақалада бәрін қамту мүмкін емес. Тек 2023 жылдың соңғы 6 айында шаһар бюджетінен қоғамдық көліктер үшін қанша қаражат бөлінді екен?
Жақында Шымкенттегі «7-Жеті Отау» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ибрахим Әлсерке Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысына осы мәселе бойынша сұрау хат жіберген екен. Сол хатқа берілген жауаптан білгеніміз мына төмендегідей болды.
Мысалы, «Сайрам ЖТС» серіктестігіне 6 айға 24 миллион теңге субсидия берілген. Ал «Мир и Со» серіктестігіне мемлекеттен 60 миллион теңге қаржы қаралған. «Санжар моторс» серіктестігіне 83 миллион теңге берілсе, «Автоимпульс» серіктестігіне 111 миллион теңге ұсынылған. «ЖК Абдуганиев» серіктестігіне 204 миллион теңге субсидия лайық деп табылса, «Ман Оңтүстік» серіктестігіне 354 миллион теңге берілген.
«Shymkent BUS servise» серіктестігіне 160 миллион теңге жәрдем ақша қарастырылса, «Радуга-транспорт» серіктестігіне 1,6 миллиард теңге қолдау тапқан. «ТТК» серіктестігі 4 миллиард теңге иемденсе,
«Shymkent Bus БК» серіктестігіне бар-жоғы 5,6 миллиард теңге субсидия берілген.
Бұл 2023 жылдың аталған компанияларға соңғы алты ай көлеміне ғана берілген субсидия. Ал 12 айға толық қанша бөлінгенін өзіңіз бағамдай жатарсыз. Бұл жерде біз жоғарыдағы серіктестіктердің ішкі қаржы айналымын, табысын есептеп отырған жоқпыз. Өздеріңіз көріп отырғандай бюджеттен бөлінген субсидияны назарларыңызға ұсындық.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *