81 ЖАСТАҒЫ КӘРІС БЛОГЕРІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА АЛҒЫС АЙТҚАН

Оңтүстік Кореяның 81 жастағы блогері Лидия Ким қазақ халқына алғыс айтқан. Бұл туралы «24.kz» сайты хабарлады.
Лидия Кимнің ата-анасы Қазақстанға 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылған. Блогер әже Ақтөбе облысындағы Бөгетсай ауылында дүниеге келген. Қазақ балаларымен бірге ойнап өскен ол жергілікті ұлттың салт дәстүріне әбден қаныққан. Тіпті түрлі тамақтарын істеуді де меңгерген. Кореяда қазақ тағамдарын істеп ішеді екен. Себебі, соған ғана үйренген. Тілшіге сұхбат берген Лидия Ким:
— Мен туған жерім Қазақстанды ұмыта алмаймын. Әлі күнге дейін қазақ әуендерін естісем жылаймын. Көктемде көкнәр мен қызғалдақ жайқалған даланы ұмыту мүлдем мүмкін емес, — деген.
Күйеуі Роберт Николайұлы Қазақ жеріне бір жасында келіп, осы жақта өсіп-өнген. Жамбыл облысында дәрігер қызметін атқарған Роберт Николайұлы төмендегідей сұхбат берген.
— Қазақстанды сағынамыз. Біз ол жерде жақсы тұрдық. Өз үйіміз болды. Зейнетақымыз бізге жеткілікті болған деп есептейміз. Жер учаскеміз бар еді. Мен соңғы кездері өз саяжайымда демалдым. Кореяға келгенде тілді білмейміз. Әйелім екеуміз жергілікті тұрғындарды мүлдем түсінбейміз, — деген.
Лидия әже Алғыс күніне орай өз шаңырағында бауырсақ пісіріп, ет асқан. Қазақтың ұлттық тағамдарын істеп, кореяның әлеуметтік желісінде жиі жариялайтын әженің көрермендері көп екен. Бүгінде танымал блогер атаныпты. Әженің көрермендермен арадағы аудармашысы қызы екен. Қызы әлеуметтік желіде әжесінің қазақ елі, жері туралы әңгімесін аударып береді.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *