Мемлекетіміз тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі сенімді қаржы жүйесін қалыптастыруға және оның еліміздің экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне тигізетін әсеріне баса назар аударып келеді. Себебі табиғи ресурстары мол елдің экономикалық өсуі, оның қаржы ресурстарының қалыптасуы мен тиімді жұмсалуына тығыз байланысты болады. Сонымен қатар нарықтық экономикадағы жекеменшік және басқа да меншік иеліктері қатар дамып отырған кезеңде, әсіресе оларды реттейтін нормативтік актілердің осал тұстарының бар болуы мен оларды орындамаған жағдайдағы жауапкершіліктің қатаң болмауы жағдайында, қаржы жүйесінде көптеген қайшылықтар туындап, мемлекеттік меншіктің талан – таражға түсуіне мүмкіндіктер пайда болады. Осыған орай бюджет-қаржы процесін бақылау, мемлекет қаржысының ұқыпты әрі тиімді жұмсалуына мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Бұл жұмыстарды мемлекеттік бақылау органдары нәтижелі жүргізіп келеді. Түркістан облысы бойынша қаржылық бақылау Инспекциясының облыстың мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жүргізген бақылаулардың қорытындысымен бюджет қаражаттарының жұмсалуында жалпы сомасы 3477,4 млн. теңгені құрайтын жолсыздықтар анықталды, оның ішінде: бюджет қаражаттарының негізсіз жұмсалуы -2021,8 млн. тенге, бюджет қаражаттарының тиімсіз жұмсалуы – 945,9 млн. тенге, бюджет қаражаттарының мақсатсыз жұмсалуы -15,9 млн. тенге, материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі – 352,4 млн. тенге, салықтан тыс төлемдердің бюджет кірісіне алынбауы – 141,4 млн. тенге.
Соңғы жылдары мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек ақыны қызметкерлер мен жұмысшылардың банктағы карт-шоттарына, олардың тиесілі алашақ жалақыларынан едәуір көп сомалар аударылып алынғандығы немесе мекемеде жұмыс істемейтін жеке тұлғалардың бет есебіне аударылып кету фактілері көп кездеседі. Мекемелердің жылу, электр-энергиясы және коммуналдық қызмет көрсетуге алдын ала төлемдер төлеу салдарынан дебиторлық қарыздар пайда болып, оларды бухгалтерлік есепте көрсетпеу фактілері көптеп кездеседі. Осындай жолмен құралған дебиторлық қарыздардың сомасы келесі жоспарлау жылында есепке алынбай бюджет қаражаттарының артық жоспарлануына және мекемелердің Қазақстан Республикасы Бюджет кодексіне қайшы бекітілген жеке қаржыландыру жоспарынан артық міндеттер қабылдап кредиторлық қарыздардың көбейуіне жол беріледі. Жалпы мемлекеттік мекемелерде қаржы жоспарларын жасауда қателіктер жіберіліп, бюджет қаражаттарын артық және бірінші кезектегі емес шараларға жоспарлау себебінен олардың толық игерілмеуі орын алуда.
Қаржылық бақылау шаралары өз кезегінде бақылау жұмыстарының сапалы да нәтижелі жүргізілуіне және бақылаумен анықталған зияндар мен залалдардың мемлекеттің бюджетіне толық қайтарылуына, заңнамалар мен нормативтік актілер талаптарының сақталмауын жою және олардың алдын алу, бюджет қаражаттарының тиімді және мақсатты жұмсалу шараларын жүзеге асыруға, бақылау органдарының мақсаты мен міндеттерін, өкілеттілігі мен қызмет аясын және құзырларын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді.