Түркістан облысында былтыр 537,6 млрд. теңге салық түсімі түскен. Нәтижесінде өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 137%-ды құраған. Оның 388,5 миллиарды — Республикалық бюджетке түссе, 149,1 миллиард теңге — жергілікті бюджетке тиесілі. Бұл жайында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.
— Соңғы жылдары экономикамыз өсіп, облысымыз өркендеп келе жатқандығы — салықтық түсімдерге де оң әсерін беруде. Дегенмен мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайту бағытында Департамент тарапынан былтыр салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 29 млрд. теңгеге жуық қосымша кіріс көздері анықталып, өндірілді,- деді Сәуле Әбдәшімқызы.
Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 42 қызметтің 38 түрін электронды әдісте алу мүмкіндігі қарастырылған. Нәтижесінде, жыл қорытындысында облыстағы қызметтердің 99,9 пайызы электронды түрде көрсетілген.
Сонымен қатар, брифингте департаменттің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов жалпыға бірдей декларациялауды енгізу туралы мәлімдеді. Былтыр мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысшылары мен жұбайлары декларациялаудан өткен. Биыл заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен жұбайлары қаржысы декларациялаудан өтуі тиіс.Дүние жүзінде жергілікті бюджеттің басым бөлігі шағын және орта бизнестен құралады. Осы бағытта шағын және орта бизнес субъектілернің салықтық жүктемелерін жоғарылату үшін салықтық әкімшілендіру жұмыстарын жүргіздік. 2022 жылға жергілікті бюджетке барлық салықтың түрлерінен 112,6 млрд. теңге түскен. Оның ішінде негізгі салықтың түсімдері әлеуметтік және жеке табыс салығынан түсіп, үлес салмағы 81% құраған. Негізгі түсім әлеуметтік және жеке табыс салықтары бойынша мемлекеттік мекемелерден түсіп отыр. Салықты заңға сай төлеуден жалтарып, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданушылар арасында ірі компаниялар, сауда орындары, базарлар, тойханалар, демалыс орындары бар. Сонымен бірге таулы аудандардағы демалыс орындары да салық декларациясы бойынша бағалау құнын төмендетіп көрсеткен. Алкоголь өнімдерін лицензия алмай саудалайтын дүкендер де көп. Осындай олқылықтардың салдарынан әлеуметтік және жеке табыс салықтары, лицензиялық алымдар бойынша бюджетке түсетін кіріс азайған.