Түркістанда қаржылық сауаттылықты арттырудың жолдары айтылды

Түркістанда қаржыгерлер мен кәсіпкерлер және іскер жандар бас қосып, ел экономикасына инвестиция тарту мен қаржылық қызметтер саласын өркендету мәселелерін талқ ылады. Бұл шара «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвесторлары апталығы» аясында ұйымдастырылды.
Апталықты ұйымдастырушылар халықаралық қаржы алаңында тіркелген компанияларға барлық жағдай жасалғанын айтады. Кәсіпкерлер де мұндай форумдардың пайдасын сезініп, инвестиция тарту үшін қажет ақпарат алуға ұмтылады деп отыр.
«Олар сот дауын да осы орталық көмегімен шеше алады. Бізде қазір 20 халықаралық арбитр бар. Олар онлайн режимде дауды жан-жақты қарап, талдай алады. Әрі тәжірибесі де мол. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін де тартуға болады. Бірақ бұл іс барынша ашық әрі жеңіл болуы керек. Қазақстанға келген компаниялар инвестиция құюы үшін түрлі бюрократиялық кедергілер мейлінше аз болуы тиіс», — дейді АХҚО әкімшілігі басқарма төрағасының кеңесшісі Болатбек Қуандықов.
Басқосуда кәсіпкерлерге АХҚО-да бизнес жүргізу мүмкіндіктері мен орталыққа қатысушы атанудың жолдары үйретілді. Сондай-ақ, қандай құқықтық көмектер көрсетілетіні және АХҚО-дағы жасыл қаржыландыру мүмкіндітері мен келешегі жайлы айтылды. Ал, Исламдық қаржы мен бизнес хабының бас менеджері Қазыбек Жұман орталықтағы исламдық қаржыландыру мәселелерін түсіндіріп өтті. Үзіліссіз кәсіби даму трендтерін қамтыды.

«Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар мен қатысушылар осындағы преференцияларды қолдана алады. Салықтық жеңілдіктермен қатар, ағылшынның сот құқығына негізделген Астана халықаралық қаржы орталығы халықаралық сотының тәжірибесін пайдаланады. Мұның алғышарты былтыр қабылданған болатын. Бүгінде қаржы орталығы халықаралық ірі қаржы институттарымен байланыс орнатқан. Бұл ұйымдар аймақтарды дамытуға ат салысуға әзір»,-дейді Б.Қуандықов.
Қаржылық пирамида – бұл қалтағы түсудің түрлі жолын тапқан айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Пирамида екенін басында бірден аңғару қиын. Себебі, алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп, түрлендіріп келеді. Әйтсе де, өзгермейтін бір жүйе ол көпті құрғақ уәдесіне сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету. Өзіңіз байланыс орнатқан ұйымның оңай пайданы көздеген мекеме емес екеніне былай көз жеткізуге болады. Мәселен, қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайлы әңгімелеп, шет-шегі жоқ, сыйлықтар болатынын айтып сендіреді. Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуын сұрайды. Салған қаржысын көп ұзамай бірнеше пайызбен еселеп қайтаратынына да уәде етеді. Сондай-ақ компанияға адам тартуды жүктейді. Сол арқылы пайдасының артатынын алға тартады. Кейіннен басқаларды сендіру үшін, алдынғы адамдарға белгілі бір пайызын береді. Алдындағылардың еңбексіз табыс тауып, жылдам ақшаға қол жеткізгенін көрген салымшы еріксіз компанияға адам тіркеуге кіріседі. Алдымен жақыны мен дос-жаранды төңіректейді. Оларға көзбен көргенін жеткізіп, шын мәнінде пайда табуға болады деп сендіріп бағады. Бірі үй аламын деп, енді бірі көлік мінемін деп ақшасын салса, тағы бірі несие алып береді. Ағайын-туыстың аузынан жырып берген қаржысын осылайша айлакердің қоржынына салады. Оңай ақшаға кенелемін деп жүргенде алаяққа алданып, көппен көңілі суысып, ағайынмен араға жік түседі. Осындай жағдай орын алмас үшін, біріншіден салық басқармасына барып, немесе ғаламтор арқылы мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін теріп тексеру қажет. Заң алдында тіркелген не тіркелмегеніне көз жеткізіп алу керек. Байқасақ, қаржысын еселеймін деп, қалтасынан қағылған қаншама жан бар қоғамда. Осындай қаржылық әрекеттің құрбаны болмас үшін, қаржылық сауаттылықты арттыру керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *