Алаяқтарға қарсы құзырлы органдар мен атқарушы билік тарапынан қыруар жұмыстар жүргізіліп жатса да олардың арбауына түсіп, «ауызы күйгендердің» саны азаяр емес. Сенгіштігінің салдарынан қаржылық қиындықтың салқынына бетпе-бет келген біраз азамат бармақ тістеп, сан соғып қалып та жатыр.
Тұрғындардың оңай олжа мен «батпан құйрық» табыстардан бойларын аулақ ұстап, алаяқтарға қалталарын қақтырмау мақсатында аудан әкімдігінде арнайы жиын болып өтті. Аталмыш басқосуға Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков, аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, қоғамдық ұйым басшылары мен мүшелері қатысты.
Сонымен қатар, мамандардың айтуынша алаяқтардың жұмысын кеңінен жүргізіп, құрығына ілінетін адамдардың санын көбейтуіне ғаламторы дамыған қазіргі уақыт, әсіресе, сауда-саттық жүргізудің онлайн форматқа өтуі де үлкен септігін тигізіп отыр.
Жиын барысында келтірілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек ауданның криминогендік ахуалы дұрысталып, тіркелген қылмыс саны 236-дан 156-ға азайғанымен алаяқтық қылмыстар 30-дан 58-ге, интернет алаяқтық 9-дан 24-ке өскен. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде тіркелген 58 алаяқтық қылмыстардың 10-ы сотқа жолданып, 1 іс аяқталмайтын негізбен тоқтатылған. 23 іс күдікті тұлғалардың анықталмауына байланысты мерзімі үзілген, 24 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
«Алаяқтық қылмыстарды жасаушылар телефонға телмірген аңғал елді түрлі тәсілдермен алдап, үйде отырып-ақ үлкен табысқа кенелуге болатынын немесе банк қызметкері екенін айтып сендіреді. Жұмысқа орналасу, тұрғын үй, жер учаскесін, мемлекеттік жеңілдіктерді алу, қылмыстық жауаптылықтан босату немесе банктен несиені жылдам рәсімдейміз деп ақшалай сыйақы алып, азаматтардың ақшаларын иемденіп кету, несиеңізге рақымшылық жасауға көмектесеміз, уәкілетті органға тиісті өтініш жазып береміз деп халықтың ақшасын жымқыру секілді алаяқтық қылмыстардың да соңғы кездері жиі кездесіп жатыр» деген аудан прокуроры барынша сақтық шараларын күшейтіп, қандай да бір алаяқтық әрекеттерін байқаған жағдайда құзырлы органдарға қоңырау шалу керектігін ескертті.
Алаяқтық фактілерінің аудан көлемінде ең көп тараған түрлері ретінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен жеңілдетілген несие алып беру, вахталық жұмысқа орналастыру бойынша алдын ала ақша алып, қайтармау деректерін айтқан прокурорлар қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қылмыстардың алдын алу бойынша айтылған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, үнпарақшалар таратылды.