ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 540 МЛРД. ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ САЛЫҚ ТҮСІМІ ТҮСКЕН

Түркістан облысында былтыр 537,6 млрд. теңге салық түсімі түскен. Нәтижесінде өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 137%-ды құраған. Оның 388,5 миллиарды — Республикалық бюджетке түссе, 149,1 миллиард теңге — жергілікті бюджетке тиесілі. Бұл жайында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.
— Соңғы жылдары экономикамыз өсіп, облысымыз өркендеп келе жатқандығы — салықтық түсімдерге де оң әсерін беруде. Дегенмен мемлекеттік бюджеттің кірісін ұлғайту бағытында Департамент тарапынан былтыр салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 29 млрд. теңгеге жуық қосымша кіріс көздері анықталып, өндірілді,- деді Сәуле Әбдәшімқызы.
Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 42 қызметтің 38 түрін электронды әдісте алу мүмкіндігі қарастырылған. Нәтижесінде, жыл қорытындысында облыстағы қызметтердің 99,9 пайызы электронды түрде көрсетілген.
Сонымен қатар, брифингте департаменттің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов жалпыға бірдей декларациялауды енгізу туралы мәлімдеді. Былтыр мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысшылары мен жұбайлары декларациялаудан өткен. Биыл заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен жұбайлары қаржысы декларациялаудан өтуі тиіс.
Одан бөлек, Мемлекеттік кірістер органдарының міндеті тек қана бюджет қазынасын толықтырумен шектелмейді. Яғни салық мәдениетін арттыру үшін тұрғындар мен бизнес өкілдеріне салық, кеден заңнамаларындағы жаңашылдықтардан хабардар етуде бірқатар шаралар атқаруда. Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел аумағында жұмыс істейтін «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірлеп, іске қосты. Бұл қосымшаны облыс бойынша 73 404 жеке кәсіпкер, ал «E-salyq Azamat» қосымшасын 199 029 тұрғын пайдалануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *