Бәсекелестік артықшылықтарды пайдалану арқылы экономиканы әртараптандыру — Үкіметтің басты міндеті, деді бірінші вице-премьер Роман Скляр Primeminister.kz сайтына берген сұхбатында. Мұнай, газ және көмір химиясы салаларын дамытуда үлкен экономикалық әлеует бар. Табысты мысал ретінде құны $2,8 млрд болатын 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыттың іске қосылуын айтуға болады.
«Еліміздегі барланған көмір қоры шамамен 30 млрд тоннаны құрайды, кем дегенде тағы осыншама көлемді барлау қажет. Көмірдің үлкен қоры түріндегі мұндай артықшылық бізді көмір химиясын белсенді дамытуға итермелеуі керек. Үкімет алдында 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыру міндеті тұр. Импортты алмастыру мен ішкі нарық үшін өндірісті ұлғайтуда айтарлықтай іске асырылмаған әлеует бар. Алайда, біз экспорттың өсуіне көбірек ұмтылуымыз керек. Бұл валюталық түсім ағынын, өндірістің жаңа деңгейі мен жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Роман Скляр.Экономикадағы өңдеу секторының үлесі 12,3%-ды құрайды, бұл ТМК үлесімен тең келеді
Қазақстан Үкіметінің алдында 2024 жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібінің 6% өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ретте ЖІӨ-дегі осы сектордың үлесі 12,3%-ды құрап, бүгінде ол тау-кен металлургия кешенінің (12,6%) үлесіне тең келеді.
Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында экономиканы одан әрі әртараптандыру және өңдеуші сектордағы өсімді қамтамасыз ету жоспарлары туралы мәлімдеді.
«Қолданыстағы кәсіпорындар жұмыс істеуі керек, өз өндірістерін қайта инвестициялап, шығарылатын өнім көлемін арттыруы тиіс. Сондай-ақ елімізде жаңа инновациялық кәсіпорындар пайда болуы қажет. Елімізге инвестиция салу үшін шетел капиталын тартуымыз керек. Өндірілетін өнім экспортқа да шығатын болады», — деді Роман Скляр.
Бірінші вице-премьер өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешеніндегі бүгінде технологиялық өсімнің жоғары деңгейін көрсетіп отырған кәсіпорындарды атап өтті. Олардың қатарында жаңа үлгідегі жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған Алматы желдеткіш және Кентау трансформатор зауыттары және басқа да зауыттар бар. Өнімдер әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.