Адал қоғамның басты қағидасы

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Жиында сенаторлар зиялы қауым өкілдерімен, сарапшылармен бірге қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру және дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

 

Қоғамды ұйыстыратын құндылықтар

Қоғамды жалпыұлттық мақсаттар мен ортақ құндылықтарға жұмылдыру – Әді­летті Қазақстан құру жолындағы күн тәртібін іске асырудың және ғасыр­лар бойы қалыптасқан мемле­кет­тілікті сақ­таудың негізгі шарты. Сенат төр­ағасы атап өт­кендей, қазіргі таңда жалпы­ұлт­тық құн­ды­лықтардың заманауи әлеуметтік-мәдени нормалармен үйлесім табуы – әлемнің көптеген елі үшін маңызды міндет.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай­дың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталып, негізгі құндылықтарды атап өткені белгілі. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналу жолында айрықша маңызға ие.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идео­логиялық тұжырымында осы бағыт­­тағы негізгі бағдарды айқындап берді. Олар – Тәуелсіздік және Отаншыл­дық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік пен Жауап­кершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл құндылықтар азаматтық жауапкершілікті нығайтып, қоғамның дамуына серпін беретін ұлттық сипатқа ие. Сондықтан оларды дәріптеу – баршамыз үшін маңызды міндет», деді Мәулен Әшімбаев.

Кез келген қоғам белгілі бір құнды­лық­тар аясында топтасатыны анық. Мұның бәрі негізінен ұзақ уақыт бойы қалып­тасып, дамитын тарихи және мәдени тәжірибелерден туындайды. Осы орайда Сенат төрағасы қоғамды ұйыстыратын бірыңғай құндылықтардың болуы өте маңызды екенін атап өтті.

«Бұл ең бірінші кезекте мемлекеттің біртұтастығын қамтамасыз ету үшін қажет. Себебі жаһандану заманында әртүрлі идео­логиялар, болмысымызға жат мәдени-рухани таным-түсініктер кеңінен таралып жатыр. Осындай теріс үдерістердің әсерін біздің қоғам да айқын сезініп отыр. Мұның бәрі өзара алауыздықты күшейтіп, мәмілені азайтатыны белгілі. Сондықтан мұндай сын-қатерден қашық болу үшін елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын құндылықтарға табан тіреу аса маңызды. Президентіміз жариялаған идеологиялық тұжырымның өзектілігі де осында», деді ол.

М.Әшімбаев Ұлттық құрылтайда айтыл­ған идеялық негіздер бірінші кезекте әм­бебаптығымен ерекшеленетінін атап өтті. «Жоғарыда аталған ұғымдар қатар жүрмесе, құндылықтың қадірі болмайды. Мұның бәрі тұтасып келіп, елдікті сақтау, мемлекеттілікті нығайту сияқты асқақ мақсат-міндеттерге жалғасады. Сондықтан аталған қастерлі құндылықтарды қоғамдық санаға барынша орнықтыру – баршамыз үшін жауапты міндет. Ол үшін білім саласына айрықша мән беру қажет деп есептейміз. Әсіресе аталған идеологиялық тұжырымды оқу бағдарламасына енгізу аса маңызды. Әрбір жас азамат адалдық қағидаларын мектепте жүріп санаға тоқығаны абзал. Сондай-ақ құндылықтарды төл мәдени өнімдер арқылы бойға дарытудың берері мол», деді Сенат төрағасы.

 

«Заманына қарай адамы»

Іс-шараға қатысқан ҰҒА академигі Ғарифолла Есім «Адал азамат» ұғымы – қазіргі кезеңнің аса қажетті құндылығы екенін, өткен ғасырдың басында дәл осы мәселемен Алаш қайраткерлері шұғыл­данып, өздері Отанға деген адалдықтың үлгісін көрсеткенін атап өтті.

«Заманына қарай адамы» деген ертеден жеткен нақыл сөз бар. Біз тәуелсіздік заманында нарықтық либералды қатынастарды құрып жатқан демократиялық әрі ақылға сыйымды қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай қоғам үшін адал азаматтың қажет­тілігі – табиғи жағдай. Адал азамат­ қызметінің көрінуі де – табиғи жағдай. Мемлекет басшысының қазіргі таңда осы тұжырымды көтеруі – құптарлық мәселе. Демек елдің азаматтары заманға сай болуы керек», деді ол.

Ғарифолла Есім кеңес заманында да адалдық мәселесі қатты дәріптелге­нін, адал коммунист, адал педагог, адал дәрігер тұлғалары құрмет тұтылғанын еске алды. «Табиғатынан таза, ізгі қоғамды аңсаған жандар сол кезде көп еді. Мысалы, өздеріңіз білесіздер, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты шығар­масы көпке үлгі болды. Сондағы Павел Кор­чагинді біз «өз ісінің әулиесі» деп айтып жүрдік. Бірақ шын мәнінде бұл фанатизмге құрылған дүниетаным болатын. Адал азамат болу үшін қоғамдық тарихи кеңістік қажет. Ал қазір біздің қоғамда адал азамат атану үшін барлық жағдай жасалған», деді ол.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *