Отырысқа қатысқан заң ғылымдарының кандидаты Алмас Жұмағали қоғамның құқықтық сауаттылығына тоқталды. Оның айтуынша, мектеп – болашақ қоғам мүшелерін даярлайтын қалып болса, сол мектепте құқықтық сауаттылықты оқыту көңіл көншітерлік деңгейде емес. «2003–2008 жылдары 9-10 сыныптарда «Құқық негіздері» деген міндетті пән болатын. Оның оқулығын дайындауға мен де тікелей қатыстым. Сонда біз жоғарыда министрлікте отырған сарапшылардан көп таяқ жедік. Себебі олар «Жас балаларға кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық, т.б. ауыр қылмыстар жайында айтуға болмайды. Ол қатыгездік» деген уәж айтты. Сонда 10-сыныпта оқитын 16-17 жастағы балаларға қылмыс туралы айтуға болмайды да, 14 жастан бастап соттауға болады. Бұл парадокс емес пе? Сол кезде 14 жастан бастап жауапкершілікке тартуға болатын 21 қылмыс түрі бар еді, ал қазір оның саны 30-ға дейін көбейді», деді ол.
Сонымен қатар Алмас Жұмағали мектепте құқық пәнінен мұғалім даярлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір «Құқық пәнінің мұғалімі» деген мамандық жоқ. Ал ол сабақты тарихшылар өткізеді. «Бұл пәнді енгізу не үшін керек? Тарихтан білеміз, барлық империяны құлатқан екі нәрсе бар: олар – жемқорлық пен азғындық. Біз жемқорлықтың зияны, парақор адам Отанның жауы екенін баланың миына жастайынан сіңіруіміз керек. Сол арқылы оларды адал адам қылып тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінгі отырыста көтеріліп жатқан құндылықтарды құқық пәні аясында оқытуға әбден болады», деп сөзін түйіндеді ол.
Абай дәріптеген адал еңбек
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының профессоры Амантай Шәріп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, жастармен кездесулерінде мемлекеттің әділдігі, қоғамның берекелігі, ұлттың біртұтастығы мәселелерінде еңбектің орны үлкен екенін ұдайы айтып келе жатқанын, сол идеялардың бәрі соңғы кезде қанат жайып, адал еңбек тұжырымдамасына айналып отырғанын айтты.
«Осы тұжырым-қағидалардың арғы жағына қарасақ, түп бастауы Абайдың дәуірінде екенін көреміз. Мұхтар Әуезов «Абайдың еңбекті қадірлеуі – қазақ қоғамы үшін соны сөз еді» дейді. Ол уақытта қазақ қоғамы отырықшыланып, құндылықтардың өзгеріп жатқан кезі. Осы өзгерістерге халықты қалай бейімдеу керектігін Абай көрсетіп берді. Ол бір сөзінде «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі» дейді. Тағы бір өлеңінде:
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде», деген. Ал адал табыс мәселесіне келсек, хакімнің ол туралы да «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез cуалар» деген сөзі бар. Бүгінгі таңда Президенттің адал еңбек жайындағы ойы да осы айтылып отырған қағидаларға келіп саяды», деді ол.
Оның айтуынша, біз көбіне Абайдың еңбек етуге қатысты 2-3 сөзін ғана жаттап алғанбыз. Ал оның қарасөздері мен өлеңдерін мұқият қарап отырсақ, ішінде адал еңбек пен еңбекқорлыққа қатысты айтқан ойлары өте көп. Соның бәрін теріп алып, арнайы жинақ құрастырып, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін жастарды тәрбиелеуге пайдаланса, тигізер әсері мол.