Бюджеттің жүйелі басқарылуы – басты мәселе

Кеше Мәжілісте Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар күн тәртібіне енгізілген үш мәселені талқылап, бір заң жобасын мақұлдады.

Бірлескен отырыстың күн тәр­­тібінде алғаш талқыланған мә­се­ле – Конституциялық сот­­тың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы. Осы жайында баяндама жасаған КС төрағасы Эльвира Әзімова елі­міздегі конституциялық заң­дылықтың 2023 жылдағы жай-күйі туралы жолдауын ұсынды.

Оның айтуынша, өткен жылы конституциялық бақылау органына азаматтардан бес мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олар не­гізінен зейнетақы заңна­ма­сының, Қылмыстық және Қыл­мыстық-процестік кодекстердің, Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы кодекстің және Жоғар­ғы соттың нормативтік қаулы­лары­ның жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеруге қатысты жүгінген.

«Азаматтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі нақты істер бойынша жалпы юрисдикция сот шешімдерінің күшін жою немесе оларды қайта қарау туралы, сотқа дейінгі тер­геп-тек­серудің және құқық қор­ғау органдарының жекелеген қыз­мет­керлерінің өзге де әре­кет­тері­нің заңдылығын тексеру туралы болды. Негізінен мұн­дай өтініштердің нысанасы Конс­титуциялық соттың құзыреті­­не кірмейді. Олар жалпы юрис­дик­ция соттарының немесе бас­қа мем­­ле­кеттік органдар­дың қа­рауы­на жатады», деді КС төрағасы.

Эльвира Әзімованың айтуын­ша, құқықтық қатынастарды реттеу­дің жеткіліксіздігі және жі­берілген құқықтық олқы­лық­тар азаматтардың құқықтары­на нұқсан келтіруге және олар­дың конституциялық кепілдік­терін бұзуға әкеп соғады. Конс­ти­ту­циялық сотқа жүгінген азамат­тардың қолданыстағы құқық қорғау институттары туралы қажетті түрде хабардар болмауынан не оларға сенімсіз қарауынан қолжетімді құқық құралдарын уақтылы пайдалана алмауы да сирек емес.

«Конституциялық нормалар­дың сақталмауына байланысты жеті заңның және Жоғарғы соттың бір нормативтік қаулысының ере­желері Конституцияға сәй­кес келмейді деп танылды. Қазір­гі уақытта анықталған құ­қық­тық қайшылықтар екі заңда және Жоғарғы соттың нор­ма­тивтік қаулысында жойылды. Мемлекеттік қызметке және оның ерекше түрлеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, сондай-ақ қорғаушының кас­сациялық іс-жүргізудегі өкілет­тігіне қатысты мәселелер бойын­ша тиісті заң жобалары Пар­ламентте қаралып жатыр. Со­ны­мен қатар қолданыстағы заң­дар­дың Конституциялық сот түсін­дірме берген нормаларына заң шығарушы барынша тиімді нормативтік-құқықтық реттеуді әзірлеу бөлігінде назар аударуы қажет», деді ол.

Оның айтуынша, мәселен, Семей ядро­лық сынақ по­ли­­г­о­­нын­дағы ядролық сынақ­тардан зардап шеккен аза­мат­тарды әлеуметтік қорғау мәсе­лелері бойынша Үкіметке зақым­дал­ған аумақтардағы қазіргі радиоэко­логиялық ахуалды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демо­графиялық, медициналық және өзге де факторларды ескере оты­­рып, жаңа қағидаттар мен тәсіл­д­ерді зерделеу қажет.

Бүгінгі таңда Парламент бес заңның ережелерін Консти­ту­цияға сәйкес келтірген. Қал­ған заңнамалық ұсыныстар Пала­талардың қарауында немесе Үкімет деңгейінде келісу сатысында. Эльвира Әзімова заңнамалық түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұ­мысты Конституциялық сот­тың ұсынымдарын ескере отырып, жалғастыру қажет екенін айтты. «Негізгі заңның үстемдігі мақ­сатына жеке адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің ба­лансы мен паритетін сақтау, теже­мелік әрі тепе-теңдік жүйе­сін қолдану арқылы қол жет­кізуге болады. Демек консти­туция­лық заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттік биліктің әр­бір субъек­тісі мен лауазымды адам­ның норма шығару үдерісіне және құқық қолдану практикасына қатысу міндеті», деді ол.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *