Қос палата депутаттары өткен жылғы бюджеттің игерілуіне қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Сенатор Сәкен Арубаев микронесиелер мен субсидиялар берудегі кейбір кемшін тұстарға тоқталды.
«Жыл қорытындысымен ауыл халқына 12,1 мың микронесие беріліп, 13,1 мың жаңа жұмыс орны құрылған (жоспар бойынша 18,2 мың болуы керек еді). Алайда, берілген микронесиелер арқылы кем дегенде екі адамнан жұмысқа алған жағдайда 24,2 мың адам қамтылуы керек, әлде ашылған шағын кәсіпкерлер жалғыз өзі жұмыс істеп жүр ме? Немесе қаражаттар басқа мақсаттарға пайдаланылуда ма? Бұл бір ғана бағдарламадағы еселі кемшіліктер, ал бізде қабылданып, қисыны келмей тұрған бағдарламалар жетерлік. Сондай-ақ есепті кезеңде агроөнеркәсіп саласын субсидиялауға 492,8 млрд теңге бөлініп, 105,4 млрд теңгеге артқан. Дегенмен бұл қаражаттар шаруалардың толық қажеттілігін өтеген жоқ. Қазіргі уақытта субсидияға өтінім беріп күту парағында тұрғандардың саны 2 500-ге жуық, ал мемлекеттің берешегі 10,0 млрд теңгеден асқан. Бұлай жалғасатын болса, шаруалардың жағдайы нашарлай түсетіні анық» деді ол.
Ал «Amanat» фракциясының атынан республикалық бюджеттің 2023 жылғы орындалуына байланысты бірқатар мәселеге тоқталған депутат Елнұр Бейсенбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 2 есе өсіру межесін тапсырғанын, осыған орай Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жылдық – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болатынын атап өтті. Дегенмен экономиканың ахуалын бейнелейтін бірқатар көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді.
«Мысалы, елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, борышкерлер реестрінде, яғни қарызын қайтармай, жалтарып жүрген жеке тұлғалардың саны – 3,4 миллион. Сондай-ақ, тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. Бір жылда несие алушылардың сомасы 5 триллионға өскен. Бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі», деді депутат.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалғанын, оның ішінде 70 млрд теңге игерілмей, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойғанын атап өтті.
Мәжілістегі «Ақжол» партиясының фракциясы Үкіметтің 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қарсы дауыс берді. Оның бірінші себебі – бюджет кірісіндегі кемшіліктер. Олардың айтуынша, былтырғы бюджет жаңа қарыздар алу арқылы жабылған. Екінші себеп – шығыны көп бағдарламаларды қаржыландыру артып, нақты секторға бөлінетін қаражат азайған. Фракция мүшелерінің сөзінше, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділігі де қарсы дауыс беруге себептердің бірі.
Бірлескен отырыс күн тәртібінде бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Ол бойынша баяндама жасаған депутат Снежанна Имашева бірлескен комиссияның қарауына жүзден аса түзету келіп түскенін, оның ішінен 60 түзету қабылданғанын атап өтті.
Сонымен бірге отырыс барысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамы өзгертілді.