Маңызды міндеттер жүктелді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қарал­ды. Сондай ақ Үкімет Жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады.

Отырыста газ саласы бойынша қазіргі жағдай туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов баяндама жасады. Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, биыл елімізде газ өндіру көлемі 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,3%-ға – 60,5 млрд текше метрге дейін артады. Негізгі өсім Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған ірі кен орындары есебінен болады деп көзделіп отыр. Ал тауарлық газ өндірісі өткен жылғы 29,8 млрд текше метрге деңгейінде қалады.

Бұл ретте тұтынудың болжамды кө­лемі 2023 жылмен салыстырғанда тағы да өсіп, шамамен 20,9 млрд текше метр­ді құ­райды. Премьер-министр жауапты ве­­домство басшылығының назарын ұлға­йып келе жатқан тұтыну көлеміне аударып, тапшылыққа жол бермеу үшін бұл мә­селені бақылауда ұстауды тапсырды.

Бүгінде Үкімет ел аумағын газданды­ру және газ тасымалдау жүйесін да­мы­ту бойынша ауқымды жұмыс жүр­гі­зіп жатыр. Мәселен, 2023 жылдың қо­ры­тын­дысы бойынша халықтың 60%-ына не­месе шамамен 12 млн адамға газ қолжетімді болды. Инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар магистральдық газ құбыры салынып, жөнделді.
Биыл газдандыруға республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. «Іс-қимыл жоспары» шеңберінде қосымша 105,4 млрд теңге қарастырылды. Бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 км-ден астам газ желісін жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Қашаған кен орнында катарлық инвестор «UCC Holding» компаниясымен бірлесіп, газ өңдеу зауыты іргетасын қалады. Таяуда Орталық Өріктау, Батыс Прорва және Қаламқас газ жобалары іске қосылады. ҚМГ мен «Eni» Жаңаөзенде газ, күн және жел энергиясымен жұмыс істейтін алғашқы гибридті электр стансасын салуға кірісті.
Премьер-министр инфрақұрылымды жаңғыртуға, газ барлау мен өңдеуге инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сөйтіп, халықты газбен жабдықтауда сапалы қызмет көрсетудің маңызды екенін айтты.

«Газбен жабдықтау мәселесіне қатыс­ты азаматтардан Үкіметке көптеген арыз-шағым түсіп жатыр. Тиісті мекеме­лер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек. Алматы өңірінің газға деген қа­жетін қамтамасыз ету үшін «Алматы –Бай­серке –Талғар» газ құбырының екінші желісінің жобасы іске асырып жатыр. Алайда газ құбырының қорғау айма­ғында жекеменшік құрылыстардың болуы­на байланысты жерді алу қажеті туын­дап отыр. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктеріне бұл жұ­мыс­ты жедел жүргізуді тапсырамын», деді ол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *