Жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы

Отырыста экономиканың түрлі сала­сына жасанды интеллект технология­сын енгізу үшін стратегиялық құжат қабылданды. Қазақстанда ЖИ-ді дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.

Экономистердің есептеуіне сәйкес, жасанды интеллектіні қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ІЖӨ-ні 14%-ға арттыруы мүмкін. Қазір елімізде 93 ақпараттық база қосылған «Smart Data Ukimet»-те мемлекеттік органдар дерегін жинау бойынша шара кеше­ні жүзеге асырылып жатыр. Инфра­құ­рылымды дамыту шеңберінде елімізде суперкомпьютерді орналастыру, де­рек­терді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру және талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Сонымен қатар адами капиталдың өсуі үшін бірқатар білім беру және акселерациялық бағдарламалар­ды іске асыру жоспарланған. Бүгін­де 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Осы мамандықтар бо­йынша пәндерді 2 196 студент оқиды.

Премьер-министр жасанды интеллект құралын қолдану көптеген күнделікті міндетті автоматтандыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. Бірқатар өндірістік үдеріс, денсаулық сақтау саласындағы тәуекелді және төтенше жағ­дай болжамын есептеп, әртүрлі қауіп пен кибершабуылдарды анықтай алады.

Жасанды интеллектіні енгізуге арнал­ған экономиканың басым секторлары айқындалды. Оның қатарын­да мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логис­тика, сумен жабдықтау және ауыл ша­руа­шылығы саласындағы табиғи монополия субъектілері бар.

«2029 жылға қарай жасанды интел­лектіні қолданып жасалған өнімдердің саны 5 есе өсуге тиіс. Осыған орай, білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект бойынша пәндердің үлесі артуы керек. Бізге осы саладағы білік­ті мамандар қажет. Бұл ретте отан­дық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру ма­ңыз­ды. Бұл экономикаға тұтастай муль­ти­пликативтік әсер береді», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірге, тұжырымдамадағы іс-шараларды жүзе­ге асыруға кірісуді тапсырды. Супер­компьютердің есептеу қуатын пайдалану, оны бизнес пен ғылыми ортада қол­дану мүмкіндігін қарастыру да өте маңыз­ды. Сондықтан Қаржы министрлігіне ақпараттық-коммуникациялық инфра­құрылым нысандарын жалға алу рәсімін жеңілдету жүктелді.

Цифрлық даму ведомствосына Ғылым, Оқу-ағарту, Еңбек министр­ліктері­мен бірлесіп, білім алушы маман­дардың, өңірлік құзырет орталықтары мен бағдарламалау мектептерінің санын жыл сайын арттыру мақсатындағы бағ­дар­ламаны қалыптастыруды міндеттеді.

Премьер-министр Әділет министр­лігіне жасанды интеллектіні қолдану саласын реттеу үшін заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын күшейтуді тапсырды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *