Жартыжылдық қорытындысы: әлеуметтік өнімдердің арзандауы, тауар айналымының өсуі

Қазақстандағы ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгеге жетті, ал саудаға инвестициялар 282,4 млрд теңгені құрады. 2016 жылдан бері алғаш рет әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға индексінің төмендеуі елеулі жетістік болды. Сауда және интеграция министрлігінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы бойынша негізгі бағыттар — Primeminister.kz сайтының шолуында.

Ішкі сауданы дамыту

2024 жылғы 6 айда ішкі тауар айналымы 27,6 трлн теңгені құрады, сауданың нақты көлем индексі (НКИ) 3,9% деңгейінде қалыптасты. Биылғы маусым айында мамыр айымен салыстырғанда сауда-саттықтың серпінді өсуі 16,8% деңгейінде байқалды. Бұл ретте көтерме сауда 10,5%-ға, бөлшек сауда — 30,6% өсті. Салаға салынған инвестиция көлемі 6 айда 282,4 млрд теңгеге жетті, оның 153,6 млрд теңгесі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі.

Қазіргі заманғы форматтағы сауда инфрақұрылымын құруды ынталандыру үшін Сауда және интеграция министрлігі (СИМ) ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік көмек көрсетеді. Жаңа бастама шеңберінде соңғы қарыз алушы үшін 9%-дан аспайтын пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді. Сондай-ақ жетіспейтін кепілдікті қамтамасыз ету үшін ішкі сауда субъектілері кредиттерге кепілдік беру түріндегі құралды пайдалана алады.

Мемлекеттік қолдау сонымен қатар отандық тауар өндірушілерге бағытталған. Отандық азық-түлік тауарларының көлемі дүкен сөрелерінде 50%-дан кем болмауы және азық-түлік емес тауарлардың үлесі 20%-дан кем болмауы тиіс.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін сауда нарықтарын жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. 20 мыңнан астам жалға алушы кәсіпкер мен 5 мыңнан астам базардағы қызметкер қолдау алды. Жергілікті атқарушы органдармен және бизнеспен бірлесіп жаңғырту жөніндегі Жол картасына кірген 75 базар анықталды, олардың 16-сы биыл жаңғыртылатын болады.

Сауда объектілерінің жіктелуін және сатып алушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жарықтандыруды жақсартуға, іргелес аумақты абаттандыруға, кіреберістерге ыңғайлы кірме жолдар мен жаяу жүргіншілерге ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған жалпы талаптарды белгілейтін ұлттық стандарт енгізілді.

8 жылда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеуде

2016 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) баға индексі төмендеді. Қабылдаған шаралардың нәтижесінде дефляцияның орташа индексі 99,8%-ды құрады.

Бағаның маусымдық ауытқуын болдырмау үшін нарыққа 160 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жеткізілді. Сондай-ақ жұмыртқа өндірушілер одағымен жыл соңына дейін жұмыртқа бағасын белгілеу туралы келісімге қол қойылды, бұл нарықтағы баға демпингінің алдын алады. Отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін күнбағыс тұқымын әкетуге экспорттық кедендік баж енгізілді.

ӘМАТ-тың «электронды айнасына» айналатын Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді. Оны 58 тауар позициясынан тұратын барлық азық-түлік себетін кеңейтуге қолдану жоспарланып отыр.

Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында мемлекеттік бақылау күшейтілді. Осы жылдың басынан бастап 16,3 млн теңге сомасына сауда заңнамасын бұзу бойынша 2 357 әкімшілік іс қозғалды. Сауда үстемесін сақтау бойынша жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде: 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда үстемесін асыра пайдалану туралы 1946 қаулы шығарылды.

Электронды сауданы және биржаны дамыту

Бірінші жартыжылдықтағы жедел деректер бойынша электронды сауда көлемі шамамен 1,5 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы жылдық көлемнің шамамен 62% құрайды.

Биыл мамыр айында СИМ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін электронды сауданы оқыту курстарын іске қосты. Жұмысқа ірі маркетплейстер Kaspi.kz, JMart.kz, Wildberries, Ozon тартылды. Бүгінгі таңда 800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі осы курстардан өтті.

Бизнес ұсыныстарының негізінде Электронды сауданы дамытудың 2027 жылға дейінгі жоспары әзірленіп, қабылданды. Оны орындау барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, қарыздарды субсидиялау мен кепілдендіруді қосқанда, электронды сауда субъектілерін қолдау жөнінде шаралар қабылданды.

Электронды сауданың логистикалық инфрақұрылымы белсенді дамып келеді. «Қазпошта» АҚ мен қытайлық ірі логистика компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құрылды. Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстан, Қытай, Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы электронды сауданы дамыту. Қазақстан электронды сауда үшін транзиттік хаб рөлін атқарады. «Қазпошта» ұлттық оператор болады және электронды сауда тауарларын еліміздің барлық өңіріне жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ірі тарату орталығын салу жоспарлануда.

Сауда және Даму ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Еуразиялық экономикалық одақ сияқты халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, халықаралық деңгейде электронды сауда саласындағы ынтымақтастықтың нормативтік базасын дамыту бойынша жұмыс жалғасуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тауар биржалары туралы заңнаманы реформалау бойынша жұмыс жүргізілді. Мамыр айында Мәжіліске биржалық сауда туралы заң жобасы енгізілді. Оның мақсаты тауарларға бағаны ашық қадағалау үшін ішкі индикатор құру, тауар биржаларының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту және қатысушылардың ақша ағынын цифрландыру.

Қазақстанның электронды саудасы шекарасын кеңейтуде

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді халықаралық сауда алаңдарына шығару бойынша Alibaba.com-да жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын осы платформада аккаунттар ұсынылатын қазақстандық компаниялар іріктеуден өтеді. 70 компанияны платформаға шығару жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта 47 компания іріктеліп алынды, келісімшарттарға қол қою, шоттарды сатып алу және шағын сайттар құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы мемлекеттік қолдау құралы іске қосылғалы 290 компания шамамен $346 млн табыс тапты.

Бұдан басқа, Қазақстандағы қоймаларда Орталық Азия елдерінен Қытайға және кері бағытта өтетін электронды сауда тауарларын орналастыру мәселелері пысықталды. Ozon маркетплейсімен ынтымақтастық аясында қазақстандық тауарларды Алматы және Астана қалаларындағы қоймаларда орналастыруға қол жеткізілді. FBO (Fulfillment By OZON) схемасы арқылы қойма мен жеткізуді Ozon платформасы қамтамасыз етеді.

Ішкі нарықты қорғау

СИМ жанындағы саудадағы техникалық кедергілер және өнімді қауіпсіз әкелу және айналым мәселелері бойынша Ахуалдық штаб жұмыс істейді. Бақылаушы органдардың, кеден және шекара қызметтерінің қатысуымен ішкі нарықта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимыл тетігі әзірленді.

Шекарада 10 сүт өндірушіге қатысты «күшейтілген зертханалық бақылау» режимі қолданылады, сондай-ақ екі өндірушінің өнімдерін әкелуге шектеулер енгізілді. 8 шекара маңындағы өткізу пунктінде мамандар сүт және сүт өнімдерінің сапасын тексереді. Импорттаушылардың 945 тексерілген көлік құралдарының ішінен 157 сынама алынды, олардың 40-нда негізінен таңбалаудағы сәйкессіздіктер анықталды. 723 сертификаттың, өнімнің сәйкестігі туралы декларацияның күші жойылды, оның 144-і тамақ өнімдерінікі.

Ішкі нарықты сапасыз және қауіпті өнімдерден қорғау үшін техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін электр техникасын, төмен вольтты жабдықты, мұнай өнімдерін, құрылыс материалдарын, тыңайтқыштар мен тұрмыстық техниканы сатқаны үшін 70 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды. Техникалық реттеу саласындағы бұзушылықтар үшін 47 млн теңгеге айыппұл салынды, құны 2 млн теңгеден асатын өнімнің 159 партиясын айналымға шығаруға тыйым салынды.

Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп 1 мың доңғалақты жүк көліктері тексерілді. Қытайда шығарылған техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін 72 көліктің кіруі тоқтатылды.

Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздік сертификатын заңсыз берген 11 сынақ зертханасының аккредиттеу аттестаттарының қолданылуы тоқтатылды.

Бірінші жартыжылдықта профилактикалық бақылаудың жаңа түрі – «бақылау сатып алуы» енгізілді. Бұл механизм субьектіні алдын ала хабардар етпей және прокуратурада тіркеусіз өнім (оның ішінде кабель, цемент және басқа да тауарларды) таңдауға және сатып алуға мүмкіндік береді. Енді зертханалық сынақтардың нәтижесі бойынша сәйкессіздік анықталған жағдайда өнімдерге тыйым салу және айналымнан алу сияқты жедел әрекет ету шаралары қолданылады. Бұрын өнімдерді алып қою және оларға билік ету құқығынан айыруға сот шешімімен ғана жол берілетін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *