Қазір еліміз батыс пен шығыс арасын жалғайтын сауда жолының жүру уақытын қысқартуды кешенді түрде қарастырып жатыр. Таяуда Құрық теңіз порты мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) байланыстыратын жол күрделі жөндеуден өтті. Республикалық маңызы зор магистральдің ұзындығы 64 шақырым болады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін барлық транзиттік жүк Құрық портына тікелей барады.
Бұрын жүк тасымалдаушылар Ақтау қаласының ішімен жүруге мәжбүр болса, енді теңіз айлағына Жетібай ауылы арқылы кесіп өтеді. Сөйтіп, уақыт үнемдейді.
Еліміз ашық теңізбен шектеспесе де жер кіндігі – Еуразия кеңістігінде, өте қолайлы аумақта орналасқан. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда айналымы су жолдары арқылы айлап сапарласа, құрғақ жолмен қазақ жерін кесіп өтіп, діттеген нүктеге 12-13 күнде жетеді. Бәрінен уақыт қымбат, қазіргідей кезеңде қайсы бағыттың тиімді боларын шартараптағы барлық ел көріп-біліп отыр. Демек, транзитті үйлестіру, ұштастыру ісі оңалса, экономиканың бір тармағы мейлінше өрістей түсері анық.
«Күре жол пайдалануға берілгеннен кейін Транскаспий халықаралық транзиттік дәлізіне еліміздің аумағы бойынша шығу уақыты 2 сағатқа қысқарады. Жол құрылысына отандық материалдар қолданылды. Жаңарған магистральде мамандар теміржол арқылы өтетін өткел, 3 мал айдау өткелі, жолды уақтылы күтіп-ұстауға мүмкіндік беретін база мен 18 су өткізу құбыры орнатылған», дейді Көлік министрі Марат Қарабаев.
«Kazlogistics» бас директорының міндетін атқарушы Талғат Лесов те жуырда кәрі түбекке ат басын тіреді. Ақтау мен Құрық порттарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Құрық порты мен «Саржа жүк терминалы» ЖШС қызметін көзден кешірді. «Құрық транзит» ЖШС өкілдерімен кездесіп, порт инфрақұрылымын жаңғыртып, жүк ағынын арттыруды, халықаралық тасымал жағдайын жақсартуды талқылады. Одан кейін «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ мен «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС-на ат басын бұрып, жүк жеткізу тізбегін оңтайландыруды, инновациялық технология енгізуді, порттың экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаның мүмкіндігіне назар аударды. Сөйтіп, теңіздегі жүк айлақтарында жүргізіліп жатқан жұмысты тағы бір пысықтады.
Жаңа Транскаспий бағыттарын дамыту шарасы мемлекет басшыларының деңгейінде шешімін тауып жатыр. Есте болса, Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «China-Europe Trans-Caspian Express» жаңа жобасын телекөпір арқылы салтанатты түрде іске қосқан еді. Бұған қарап Орта дәліздің әлеуеті ай санап арта беретініне көз жетеді.
Жоба Еуразия кеңістігіндегі мультимодальді көлік байланыстарын жақсартуға арналған. Оның ішінде «Орта дәліз» аталып кеткен Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін кең пайдалануға бағытталған. Осы дәліз арқылы Қытай теміржолдары бұдан былай да Әзербайжанға тұрақты жүк тасымалдау қызметін ұйымдастырып отыр. «Қорғас» шекара өткелінен өткен жүк Қазақстан теміржолымен Каспий теңізіндегі Ақтау портына және кемеге тиелгеннен кейін Баку портына жүзіп барады. Сианьнан жүкті жеткізу шамамен 12 күнде жүзеге асырылады. Жаңа қызмет Қытай мен ТХКБ желісі бойындағы елдер арасындағы сауданың дамуын жылдамдатады.
«Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 млн тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ портта жүзеге асырылған жобаның нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық теміржол құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді», деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде ҚХР төрағасы Транскаспий дәлізі үшінші трансшекаралық теміржол құрылысын жеделдететіндерін айтты.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Қысқа мерзімде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысты ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының жол картасын іске асырамыз. Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен елдер арасындағы үшінші трансшекаралық теміржол құрылысын тездетеміз. Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрландыру салаларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірге ілгерілетуге ниеттіміз», деді Си Цзиньпин.
«Контейнерлік тасымалдың инновациялық үрдістері және мультимодальді стратегиялары» атты дөңгелек үстелде Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша жүк ағынын ұлғайту мен тиімділігін арттыру үшін порттар арасында операциялық тәжірибе алмасу әңгіме өзегіне айналды. Жиынға елдегі теңіз порттарының өкілдері, экспорттаушылар, жүк иелері, бейінді министрліктер, қауымдастықтар мен басқа да ішкі экономикалық қызмет қатысушылары, сондай-ақ «Kazlogistics» ҚКО бас директорының міндетін атқарушы Талғат Лесов қатысып, саладағы сұраулы мәселелерге назар аударды.
Іс-шарада өңірлік сауда мен экономикалық дамуда Транскаспий халықаралық көлік бағдары маңызының зор екеніне мән берілді. Осы бағдарды логистикалық тиімділік пен экономикалық өсімді арттыру үшін қолдануға ниет танытқандар болды. Негізі бұл бағдардың дамуына елімізде мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп отыр. Парламент Сенаты «Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Келісімнің мақсаты – бағдар бойынша мультимодальді тасымалдауды дамыту үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлік түрлерінің басымдығын тиімді пайдалануға жәрдемдесу. Келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуын жақсартуға жол ашады.
Терең өңделген өнімдердің экспортын арттыра бастаған біздің ел үшін бұл шараның игілігі мол. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі ұлғайды. Алты айда шикізаттық емес жүк экспортының көлемі шамамен 10 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Атап айтқанда, химиялық және минералды тыңайтқыштар 11%-ға, түсті металдар 9%-ға, қара металдар 15%-ға және бидай ұны, тұз, өсімдік майы 11%-ға артқан. Сонымен қатар ҚХР бағытында жалпы экспорт көлемі күн санап ұлғайып бара жатыр. Мысалы, биылғы жарты жылдың ішінде өсім 19%-ды немесе 6,8 млн тоннаны құрады.
Осы жетістіктерді дұрыс реттеп отыру үшін мемлекеттік органдар деңгейінде арнайы штаб құрылып, жұмыс істеп тұр. Штабтардың отырысы жоспарлы түрде апта сайын өткізіледі. Онда барлық мәселе тез арада қаралып, оң шешімін табады.
Таяуда алғашқы контейнерлік пойыз Қазақстан арқылы Ираннан Қытайға «Солтүстік – Оңтүстік дәлізі» арқылы өтеді. Сөйтіп, Априн құрғақ порты мен теміржол терминалында Қытай – Иран – Еуропа теміржол дәлізінің бірінші кезеңі іске қосылды. Пайдалы қазбалар тиелген пойыз Инчебурунға барып, Түрікменстанды кесіп өтіп, біздің елдің Алтынкөл стансасына, одан әрі Қытайдың Иу қаласына жетеді. Пойыз 10 297 шақырымды бағындырады. Жол екі аптаға созылады, бұл – жүкті теңіз арқылы жеткізуге кететін уақыттың жартысына жуығы.
Еліміздің Ирандағы елшісі Асхат Оразбай алдағы уақытта бұл теміржол бағыты Түркиямен, Еуроодақпен жалғасады деген үміт барын айтты. Бұған дейін Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Иран «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі шығыс бағытының әлеуетін синхронды дамытудың 2024–2025 жылдарға арналған жол картасына қол қойған еді. Ашхабад былтыр жыл аяғында Түрікменстан – Иран экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 17-отырысы барысында Тегеранды «Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» көлік-транзиттік дәлізі бойынша тасымалдауды жандандыруға шақырды.
Одан сәл бұрын Түрікменстанның көлік және теміржол ведомствосының өкілдері Қазақстан, Өзбекстан, Иран және Түркиядан келген әріптестерімен бірге келіссөз жүргізіп, соның аясында елімізде жаңа көліктік-транзиттік дәлізді қалыптастыру туралы келісім жобасы әзірленді. Қытайдың Иран арқылы ЕО-ға баруы талқыланды.