Президент дөңгелек шығаратын кәсіпорынға барды

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласындағы көлік дөңгелектерін шығаратын KamaTyresKZ зауытын аралап көрді. Президентке кәсіпорынның өндіріс циклы мен даму перспективасы таныстырылды.

Мемлекет басшысына «Татнефть» компаниясының Бас директоры Наиль Маганов пен KamaTyresKZ зауытының директоры Радий Бурганов құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, технологиялық құрал-жабдықтар толықтай жеткізілгенін айтты. 234 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған зауытта өнімнің сериялық өндірісі басталды. Өткен айда KamaTyresKZ 30 мың дөңгелек шығарған. Зауыт алғашқы жылы өнім көлемін 1 миллионға дейін жеткізе алады.

Президентке дөңгелек құрастыратын цехтар мен өндіріс желілері таныстырылды. Зауыттың құрал-жабдығы Латвия, Италия, Португалия, Жапониядан және тағы да басқа елдерден әкелінген. Жалпы кәсіпорында 800-ге жуық технологиялық құрылғы орнатылған.

3ауыт 2027 жылға қарай 3,5 миллион дөңгелек шығарады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде кәсіпорында 590 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Келешекте қызметкерлер саны 1125 адамға дейін көбейеді. Өндіріс жұмысшылары «Татнефть» компаниялар тобының дөңгелек шығаратын кәсіпорындарында оқу-тәжірибеден өткен.

Зауыт өнімі Attar брендімен танылады және халықаралық стандарттарға сай сертификат иеленген. Отандық дөңгелектер шілде айынан Қазақстан мен шет мемлекеттердің нарығында сатыла бастады. Биыл елімізде құрастырылатын JAC маркалы автомобильдер конвейерден Attar дөңгелектерімен шығады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына барды. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге. Президентке «Meridian Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Александр Критский кәсіпорындағы өндіріс процессі туралы айтты.

Зауыт жыл басынан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Минки Чу аталған өндіріс алаңында Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отырғанын жеткізді.

Президентке қазіргі таңда зауытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны жұмысқа орналастырылғаны туралы мәлімет берілді. Зауыттың өндірістік қуаты толығымен іске қосылған кезде жұмысшылар саны 1200 адамға дейін ұлғаяды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *