БАСПАНА БАҚЫТЫ 978 ОТБАСЫНА БҰЙЫРҒАЛЫ ТҰР

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 7459 пәтерді құрайтын 156 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 32 үйдің құрылысы аяқталып, 1701 пәтер пайдалануға берілді. Ал енді 2020 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 5,4 млрд. теңгеге 35 тұрғын үйдің  құрылысы жүргізіледі. Яғни жоспар бойынша 18 тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, кезекте тұрған 978 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек. Қалған 17 тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылға өтпелі болады.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жолдың сапасы да сөз болды. Өңірде ауыр салмақты жүк көліктерінің кесірінен тас жолдардың 300 шақырымы жарамсыз күйге түскен. Жолға зақым келмеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы керек. Ал белгіленген тәртіпке бағынбай жолға шыққан аса ауыр жүк көліктерінің иелеріне үлкен айыппұлдар салынатын болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше жол құрылысы-жөндеу жұмыстарының ауқымы бойынша, облыс республика бойынша көш бастап тұр. 2019 жылы 1 738 шақырым жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, оның 1 270,4 шақырымы пайдалануға берілген. Биыл 869,8 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, өңірде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы – 20 928,9 шақырым. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі өткен жылы 74,1 пайызға жеткен. Аталған көрсеткішті биыл 80%-ға жеткізу көзделуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *