Қазақ халқының тарихы – бірлік пен татулықтың, бауырмалдық пен өзара құрметтің ұлы дәстүрлері мен құндылықтарының ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан биік мектебі. Бабаларымыз «бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған. Өйткені халықтың еңсесін тіктеген, оның тағдырын айқындаған нәрсе – ынтымақ пен өзара түсіністік болды. Елдің беріктігі мен қуаты – сол ұлы құндылықтарда жатыр.
Тарихымызға үңілгенде қазақ жерінің әрдайым түрлі ұлттар мен ұлыстардың тоғысығы болғанын байқаймыз. Қазақстан аумағы – мәдениеттер мен тілдердің тоғысқан алаңы. Кезінде қиын-қыстау жылдары тағдырдың талғамымен елімізге сан-салалы этнос өкілдері келіп қоныстанды. Сол сәтте қазақ халқының кең жүрегі ашылып, оларды пана тұтып, бауырмалдықпен қарсы алды. Бұл қимыл – еліміздің достығы мен татулығының бастау көзі болды. Міне, осы бірлік пен өзара сыйластық арқасында Қазақстан көпэтносты мемлекет ретінде дамып, әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсете білді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жүзден астам этнос өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл – халқымыздың кең пейілділігі мен мейірімділігінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар мемлекетіміздің сындарлы және сара саясатының жемісі. Әрбір ұлт өз мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін сақтап қалумен бірге, ортақ Отанымыздың гүлденуіне өз үлесін қосуда. Бұл – қоғамның үйлесімділігі мен бірлігіне негізделген ұлы жетістік.
Бейбітшілік пен тұрақтылық кез келген мемлекеттің дамуы үшін ең маңызды факторлар. Ал тұрақтылықтың басты негізі – татулық. Татулық дегеніміз – адамдардың бір-біріне деген сенімі, құрметі және ортақ мақсаттарға ұмтылуы. Егер қоғамда келісім мен түсіністік орнап, әрбір азамат өз парызын орындап жатса, мемлекет биік белестерге жетеді, қоғам дамиды. Сондықтан татулық – тек қана рухани құндылық емес, ұлттық қауіпсіздіктің де басты кепілі.
Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Қоғамдағы бейбіт өмір мемлекетіміздің саяси-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, мәдени даму жолында зор мүмкіндіктер ашады. Осыны түсінген әр азамат татулықты сақтау мен нығайтуға өз үлесін қоса білуі керек. Бұл – ел ертеңі үшін жауапты қадам.
Достық – ұлттарды, халықтарды жақындастыратын алтын көпір. Ол мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттырып, ынтымақтастықты бекітеді. Қазақстан халқы осы құндылықты басты бағдар етіп, әлемдік қауымдастықта бейбітшілік пен келісімді сақтауға бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Қазақстанның халықаралық аренадағы орны ерекше. Біз татулық пен достықты насихаттайтын, әртүрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы түсіністікті қалыптастыратын мемлекет ретінде танылып, әлемдік деңгейде өз үлесін қосудамыз. Бұл – біздің азаматтық қоғамымыздың, мемлекетіміздің ең үлкен жетістігі.
Еліміздегі достық, татулық пен ынтымақ – тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің гүлденуінің негізгі негізі. Осы құндылықтарды сақтау және нығайту – әрбір қазақстандықтың парызы әрі ұрпақ алдындағы аманаты. Тек осылай ғана біз берекелі әрі қуатты мемлекет құрамыз, жарқын болашаққа сенімді қадам басамыз.
Достық – елдіктің белгісі, татулық – тұрақтылықтың тірегі, бірлік – еліміздің болашағына бастар жол!
#МыВместе #PeaceAndHarmony #PeaceForAll #TogetherForPeace #ҚХА30жыл #АНК30лет #APK30years #АНК #ANK