ЖАСӨСПІРІМДЕР БАСКЕТБОЛДАН БАҚТАРЫН СЫНАДЫ  

Мақтааралда баскетболдан облыстық чемпионат өтті. Жарыс 2005-2006 және 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Спорттық сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, жас спортшыларға алғы сөзін арнады.

«Біз батырлардың ұрпақтарымыз. Ата-бабаларымыз ешбір соғыста жеңілмеген. Бізді тек руға, тапқа, жікке бөлу арқылы ғана жаулап алған. Кешегі Ұлы Отан соғысына 1 миллион 500 мың қазақстандық қатысыпты. Ал, Мақтаарал ауданынан 12 мыңнан астам азамат аттанған болса, 3932 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Соғыста жаумен аяусыз күрескен он бір жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Міне, сол кісілердің арқасында бүгін қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман келіп, Сіздер осындай спорттық іс-шарада бас қосып жатырсыздар. Бүгінгі жарысты ашық деп жариялай отырып, барлығыңызға сәттілік тілеймін!» — деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Төрт күнге созылған жарысқа облыс көлемінен 21 команда қатысып, облыс чемпионатының кубогы сарапқа салынды. Осылайша 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында І орынды Мақтаарал ауданы, ІІ орынды Сарыағаш ауданы, ІІІ орынды Ордабасы ауданы жеңіп алды. Ал, 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында І орынды Мақтаарал ауданы, ІІ орынды Төле би ауданы, ІІІ орынды Сайрам ауданы иеленді.

Ақпан айының басында Алматы қаласында баскетболдан өткен Республикалық чемпионатта Түркістан облысы І орынды жеңіп алған болатын. Ал, облыстық құрама ойыншыларының басым бөлігі мақтааралдық жасөспірімдер еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *