«АРАЙ-2020» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында «АРАЙ-2020» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы өтті. 25 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналды. Ондағы мақсат – ақын шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттап, жас талант иелерінің өнеріне қолдау білдіру.
Байқаудың деңгейін көтеріп, әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық және республикалық театр фестивальдарының жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Астана жастар театрының актеры Әділ Ахметов және облыстық «Арай» жас ән орындаушылар байқауының 1996 жылғы гран-при иегері, халықаралық «Азия — дауысы» фестивалінің жеңімпазы, әнші Бауыржан Исаев арнайы шақырылған.
Байқау қағидаларына сәйкес 3-5 ақпан аралығында облыс аумағындағы аудан, қалаларында өткізілген іріктеу кезеңіне 294 үміткер қатысып, 38 үміткер ақтық сынға жолдама алған.
Сайыстың нәтижесі бойынша әділ-қазылар алқасының шешімімен ән байқауының бас жүлдесіне Аплатон Рақымжан лайық деп танылса, «Алтын жұлдыз» дуэті жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал, Жайна Әпсаттар екінші орыннан көрінсе, Ардақ Ысқақова мен Сәтдаулет Сүлейменов үшінші орын иегерлері атанды.
Ал, мәдени іс-шара жүргізушілерінің сайысында бас жүлде Инабат Абытханқызына бұйырса, Нұрайым Төлебек жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Жасмина Анарбек екінші, Дастан Әлжанов пен Нүркен Абрахман үшінші орынды қанағат тұтты.
Бұдан бөлек, облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі» -Мамырхан Жұбатовқа, «Көзімнің қарасы» номинациясы Ернур Әлібекке, «Көрермендер көзайымы» номинациясы – «Ugai» тобына,     «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» Айжан Пірімжарға табыс етілді. Сондай-ақ, іс-шара жүргізушілері арасынан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі» — Абзал Құралбаевқа, «Өлең сөздің патшасы» номинациясы Алтынай Шырынханға, «Көрермендер көзайымы» номинациясы Нұрсұлтан Отарға табысталды.
Айта кетейік, өнер додасының соңы гала-концертке ұласты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *