МЕГАПОЛИСТЕ ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАҒЫ АЗАМАТТАРҒА 333 ГРАНТ ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкент қаласында тұрмыстық жағдайы төмен, осал топтағы тұрғындарды қолдау және олардың кәсіпкерлік әлеуетін дамыту мақсатында 2025 жылы қайтарымсыз мемлекеттік гранттар үлестірілді. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидасына негізделген нақты көмек, әрі экономикалық белсенділікті ынталандырудың тиімді құралы.

Жалпы сомасы 1,57 миллион теңгеге дейінгі бұл гранттарды 333 азамат иеленіп отыр. Қаржы – мемлекет тарапынан қайтарымсыз берілді, алайда оның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады.

2025 жылдың бірінші және екінші лек бойынша өткізілген конкурсқа 1756 өтініш түскен. Құжаттарды арнайы комиссия қарап, 336 жобаны мақұлдаған. Олардың 333-іне қаражат аударылса, екі азаматтың банктік шоты бұғатталған болуы себепті гранттан бас тартылған.

Лектерге бөлінісі мынадай:

  • Бірінші лек: 134 азамат (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз);

  • Екінші лек: 199 азамат (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз).

Комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті. Бағалау барысында жобаның әлеуеті, өміршеңдігі, әлеуметтік тиімділігі мен өзін-өзі жұмыспен қамту мүмкіндігі басты назарға алынды.

Грантқа ие болған азаматтардың басым көпшілігі – әлеуметтік жағынан осал санаттағы тұрғындар. Нақтырақ айтсақ:

Әлеуметтік санат Қатысушылар саны
Көп балалы отбасылар 192
Мүгедектігі бар азаматтар 51
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілер 59
Асыраушысынан айырылғандар 22
АӘК алушылар 9

Бұл — мемлекеттің «ешкімді назардан тыс қалдырмау» ұстанымының жарқын көрінісі.

Грантқа ие болған жобалар қоғам мен нарықтың нақты сұранысына сай бағыттарда құрылып отыр. Олардың салалық құрылымы төмендегідей:

  • Қызмет көрсету – 151 жоба

  • Өндіріс – 53 жоба

  • Кондитерлік және нан өнімдері – 37

  • Тігін цехтары – 35

  • Жартылай дайын өнімдер – 24

  • Мал және құс шаруашылығы – 12

  • Жиһаз өндірісі – 4

  • Фаст-фуд, ыстық тағам, кофе бағыттары – 17

Бұл жобалардың басым бөлігі шағын кәсіп түріне жатады. Дегенмен, олардың арасынан өнім өндіруді қолға алып, жұмыс орнын ашып жатқан кәсіпкерлер де бар. Бұл мемлекеттік қолдаудың тек әлеуметтік емес, экономикалық нәтижесін де көрсете бастады.

Қаржы қайтарымсыз болғанымен, мемлекет тарапынан талаптар бар. Әрбір грант иегері өз жобасын тек мақсатты бағытта жүзеге асыруы тиіс. Осы мақсатта Еңбек мобильділігі орталығы жанынан мониторинг тобы құрылған. Бұл топ жобалардың орындалу барысын бақылап, қаржының тиімді жұмсалуына жауап береді.

Мақсатсыз пайдаланылған немесе іске аспаған жобалар анықталған жағдайда, қаржы мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Мұндай гранттар — тек қаржылық көмек емес. Олар тұрғындардың өз ісін бастауына, табысын арттыруына және жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік береді. Әсіресе көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіпке бет бұруы – әлеуметтік теңдікті қалыптастырудың маңызды тетігі.

Шымкент қаласының әкімдігі бұл бастаманы жыл сайын жалғастыруды көздеп отыр. Кәсіпкерлікке ынталы азаматтардың қатары көбейіп, жоба негізінде құрылған шағын кәсіпорындар тұрақты бизнеске айналуы үшін ақпараттық қолдау, кеңес беру, оқыту курстары да қарастырылған.

333 азаматтың тағдырына оң әсер еткен бұл бастама – елдегі әлеуметтік саясаттың нақты, тиімді мысалы. Қайтарымсыз гранттар тек бүгінгі күннің қажеттілігін өтеп қана қоймай, ертеңгі экономикалық дербестікке жол ашады. Шымкент қаласы — осы бағытта үлгі боларлық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан өңір.

Әлеуметтік топтардағы азаматтарға сенім арту, қолдау көрсету және олардың өмірге деген ынтасын арттыру – ел дамуының тірегі. Ендігі кезекте сол сенімді ақтау – әрбір грант иесінің міндеті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *