ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ЖОЛ САПАСЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Шымкент қаласының ең ірі аудандарының бірі халық игілігі үшін кешенді жаңғыртылуда.

Шымкент – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Бұл серпінді өзгерістер қала ішіндегі әрбір ауданның даму қарқынынан да байқалады. Соның ішінде Абай ауданы – халқы тығыз орналасқан, әлеуметтік-экономикалық маңызы зор аймақ. Бүгінде бұл аудан инфрақұрылымдық жаңғырудың жаңа кезеңін бастан өткеруде.

Абай ауданы әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда ауданда 257 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Бұл – Шымкент қаласы халқының шамамен төрттен біріне тең. Мұндай үлкен қауымға сапалы инфрақұрылым мен жайлы орта қажет екені сөзсіз. Осыған орай, электр энергиясы, ауыз су, табиғи газ және жол сынды негізгі қажеттіліктер толықтай қамтамасыз етілуде.

Мәселен, биыл «Ынтымақ-2» шағынауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы табиғи газға қосылып, аудан 100 пайыз газбен қамтылған аумаққа айналды. Бұл – халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы маңызды әрі нақты нәтиже. Сонымен қатар, аудан аумағындағы барлық тұрғын үйлер сапалы ауыз сумен және электр жарығымен толық қамтылған.

Аудан әкімдігі жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да нақты қадамдар жасауда. Абай ауданында бүгінде 1274 көше бар. Оның ішінде 844 көше асфальтталған. Биылдың өзінде 148 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіліп, барлық көшелер толықтай асфальтталуы көзделуде.

Аудан әкімі Сұлтанхан Шәкірдің мәлімдеуінше:

«Жол – бұл тек көлік қатынасы үшін емес, халықтың күнделікті өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан біз үшін әр көше, әр ауланың жағдайы маңызды», – дейді ол.

Бұл жұмыстардың нәтижесі тек тұрмысқа қолайлылық әкеліп қана қоймай, жол-көлік қауіпсіздігіне де оң ықпал ететіні анық.

Абай ауданында инфрақұрылым тек жолмен және газбен ғана шектелмейді. Көше жарықтандыру, кәріз жүйесін жаңарту және жаңадан салынатын әлеуметтік нысандар да күн тәртібінде. Қазіргі таңда 34 елді мекеннің 24-і табиғи газбен, 33-і ауыз сумен, 31-і электр жарығымен қамтылған. Қалған елді мекендерде де жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Алайда, кәріз жүйесі мәселесі әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда ауданның 8 елді мекені ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қалған аумақтарда бұл мәселені шешу үшін 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен қамту жоспарланған. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, тиісті қаржыландыру көздері қарастырылуда.

Абай ауданында 230-дан астам әлеуметтік нысан бар. Ауданның демографиялық өсімі жоғары, жас отбасылар мен жастар үлесі басым. Осыған байланысты жаңа мектептер, балабақшалар, спорттық нысандар салу қажеттілігі артып отыр. Бұл бағытта да нақты қадамдар жасалып, бірқатар жаңа нысандар құрылысы басталды.

Мысалы, «Нұршуақ», «Қызылжар», «Ақжар» сияқты елді мекендерде жаңадан мектеп салу жобалары бекітілген. Сонымен қатар, бірқатар аудандарда медицина пункттері мен спорт алаңдары салу жоспарға енгізілген.

Абай ауданының бүгінгі даму қарқыны – инфрақұрылым мен әлеуметтік саланың тиімді ұштасуының көрінісі. Газ, су, жарық, жол мәселелері бойынша көрсеткіштер жоғары деңгейде. Бірақ кәріз жүйесі, экологиялық қауіпсіздік, қоғамдық көлік қатынасы мен көшедегі қауіпсіздік инфрақұрылымдары секілді мәселелерде әлі де жүйелі жұмыс қажет.

Инфрақұрылымды жетілдіру тек жайлылықты ғана емес, халықтың денсаулығы, қауіпсіздігі және экономикалық белсенділігіне де оң ықпал етеді. Тиімді әрі уақытылы шешімдер қабылданып, халық үніне құлақ асқан жағдайда Абай ауданы жақын болашақта мегаполистің үлгілі аудан ретінде қалыптасуы әбден мүмкін.

Абай ауданы – Шымкент қаласының өсу айнасы іспеттес. Мұндағы әр өзгеріс – қала болашағының нақты көрінісі. Қала әкімдігі мен аудан басшылығының үйлесімді жұмысы тұрғындардың күнделікті өміріне оң әсер етуде. Инфрақұрылымдық дамуға бағытталған осындай нақты әрі ауқымды жобалар жалғасын тауып, әрбір тұрғын үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады деген сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *