2025 жылдың 20 қыркүйегінде әлемнің түкпір-түкпірінде атап өтілетін World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күні аясында Қазақстанда кең көлемдегі экологиялық акциялар ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының шеңберінде өтіп жатыр. Аталған игі іске Шымкент қаласы да белсенді түрде атсалысып, қаланың әр аумағында сенбілік жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін, яғни сенбі күні, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұжымы жалпықалалық сенбілікке шығып, өз үлестерін қосты. Басқарма қызметкерлері белгіленген аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ирригациялық арықтарды, жол жиегін және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тазалау жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік барысында тек қоқыс жинау жұмыстары ғана емес, сонымен қатар қаланың экологиялық келбетін жақсартуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда:
-
Жасыл желектердің айналасын абаттандыру,
-
Ағаштар мен бұталардың түбін қопсыту, қураған бұтақтарды кесу,
-
Қалдықтарды сұрыптау және арнайы орындарға жеткізу,
-
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті насихаттау.
Бұл сенбілік – тек бір реттік шара емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған ұзақмерзімді экологиялық бастамалардың бір бөлігі болып табылады. Жергілікті билік пен қоғам белсенділері бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.
Қала тұрғындарын экологиялық тәрбиеге баулу, қоршаған ортаны аялауға үндеу – қазіргі заманның басты қажеттілігі. Осы ретте ұйымдастырылып отырған сенбілік жұмыстары қоғамда экологиялық сана қалыптастыруға септігін тигізетіні анық.
Шымкент қаласы әкімдігі мен тиісті басқармалар қала тұрғындарын белсенділік танытып, осындай игі бастамаларға қатысуға шақырады. Тазалық – тек аула мен көше тазалығы емес, бұл – әр азаматтың өз еліне, туған жеріне деген қамқор көзқарасының көрінісі.