Қазақстан бойынша өтіп жатқан “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында еліміздің түрлі өңірлерінде тазалық жұмыстары қарқын алды. Осыған орай, 20 қыркүйек – World Cleanup Day яғни Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылған жалпыреспубликалық сенбілікке Шымкент қаласының да мекемелері белсене атсалысуда.
Бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған сенбілікке шығып, өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, қызметкерлер Төлеген Айбергенов көшесінің бойындағы ирригациялық жүйелерді, жол жиектерін, тұрғын үй аулаларын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, экологиялық ахуалды жақсартуға арналған жұмыстарды атқарды.
Қаланың көркін арттыру – әр тұрғынның ортақ міндеті
Сенбілік барысында бекітілген аумақтың тек тазалығы ғана емес, сонымен қатар жасыл желектердің айналасы да тәртіпке келтірілді. Қызметкерлер:
-
Ағаштар мен бұталардың айналасын ретке келтіріп, қураған шөптерді тазартты,
-
Қалдықтарды арнайы орындарға жеткізді,
-
Қоғамдық санада экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл акция – табиғатты аялауға, туған өлкенің тазалығын сақтауға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті арттырудың тиімді құралы.
Экологиялық шаралар жалғасатын болады
Айта кету керек, “Таза Қазақстан” акциясы жыл соңына дейін жалғасады. Оның аясында Шымкент қаласында әлі де бірнеше экологиялық және санитарлық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар қала экологиясын жақсарту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр.
Шымкент қаласы әкімдігі мен тиісті мемлекеттік мекемелер қала тұрғындарын мұндай маңызды бастамаларға атсалысуға шақырады. Себебі таза қала – әрбір тұрғынның саналы әрекеті мен ұжымдық жауапкершілігінің нәтижесі.